Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

1 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 1 қыркүйек 2019 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 1 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Білім күні

Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына сәйкес атап өтіледі.

Қазақстанда мұнай-газ кешені қызметкерлері күні

Бұл кәсіби мереке қыркүйектің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі. Аталмыш мерекенің тарихы совет дәуірінен бастау алған. Ал Тәуелсіз Қазақстанда ресми түрде кәсіби мереке ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2003 жылы бекітілді. Сондай-ақ, бұл мереке мұнай және газ индустриясында еңбек ететін барлық жұмысшыларға арналады. Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова мен Ресейде де аталып өтіледі.

Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздік күні (1991)

Тәуелсіздік туралы шешім Өзбекстан Республикасы Жоғары Кеңесінің 1991 жылғы 31 тамыздағы сессиясында қабылданды. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 23 қарашада орнатылды.

80 жыл бұрын ІІ Дүниежүзілік соғыс басталды


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. 1930 жылы университет Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта құрылды. 5 жылдан соң оған қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі берілді. 1992 жылы университет мәртебесін алып, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті деп атала бастады.

1939 жылы 05:30-да фашистік Германия әскері алдын ала ультиматумсыз немесе соғыс жарияламастан Польшаға баса-көктеп кірді. Осы оқиғадан ІІ Дүниежүзілік соғыс басталды. Соғысқа 1,7 млрд адам тұратын 61 ел тартылды. 40 мемлекеттің аумағында әскери қимылдар жүрді.

1950 жылы Мұхтар Әуезов Қазақ мемлекеттік университетінде «Абайтану» пәнін енгізді.

Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) - қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған.

Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар, очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, теориялық білімін жетілдіріп отырған.

2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

2000 жылы түркі халықтарының Алматы мәдениет қоры құрылып, оның демеушілігімен «Түрік дүниесі» газетінің бірінші саны жарыққа шықты.

2001 жылы Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы екіжақты келісім негізінде Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам университеті құрылды. Университетте ислам теологтары, имамдар, араб тілі мамандары, аудармашылар мен елтанушылар дайындалады.

2006 жылы Астанада Бейбітшілік және келісім сарайының ашылу салтанаты өтті. Жоба авторы - танымал британдық сәулетші Норман Фостер. Ғимарат биіктігі 62 метр, онда 1,5 мың адам сыятын опера театры, үш қабатты мұражай, көрме және концерт залдары, діни конфессиялардың кеңселері орналасқан. Аталмыш нысанды түріктің «Сембол Иншаат» компаниясы салған.

2010 жылы Лондонның қақ ортасындағы Christie's аукцион үйінің басты көрме залдарында Қазақстан Республикасының Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінен және жеке коллекциялардан жиналған экспонаттар апарылып, ХХ ғасырдағы қазақ және орыс халықтарының өнер көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің ашылуы Батыс Еуропада бірегей оқиға болды. Ол – әлемде баламасы жоқ нағыз шедеврлердің ауқымды экспозициясы еді.

2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанадағы №66 мектеп-лицейде «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірім ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қатарына алғашқы мүшелерді қабылдау рәсімі өтті. Ұйымның мақсаты – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу.

2011 жылы Жаңаөзен қаласындағы Бұрғылаушылар аллеясында Қазақстанда алғаш рет мұнай-газ жұмысшыларына арналған ескерткіш ашылды.

2014 жылы Шымкентте танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған шара өтті. Б.Саттарханов атындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының алдына боксшының ескерткіші қойылды.

2014 жылы Астанада өңірдегі ең үлкен Қазақ ұлттық хореография академиясының құрылысы басталды. Ол ЭКСПО-2017 қалашығына қарама-қарсы орналасқан. Академия төрт корпустан: оқу, балет, театр және тұрғын ғимараттарынан құралған. Оларды жылы жаяужол галереялары біріктіріп тұрады. Оқу корпусының ғимаратында жалпы білім беретін мектеп, колледж және институт орналасқан.

2016 жылы Алматыда жүзуден Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин атындағы жаңа 25 метрлік бассейннің ашылуы өтті.

2017 жылы Алматы облысының Қарасай ауданында «Батыр бабалар» ескерткіш кешені ашылды. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іске асырылды.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай