Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

10-11 сынып оқушылары кәсіпкерлік бойынша білім алады

2019 жылдың 23 мамыр 2019 14:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова жоғары оқу орындары мен мектепте кәсіпкерлікке оқытуды дамыту туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім беру ұйымдары, яғни жоғары оқу орындары қазіргі өзгерістерге тиісті деңгейде іс-қимыл жасап, қоғамның әлеуметтік мүдделерін және нарық талаптарын бір мезгілде қанағаттандыруға қауқарлы болуы керек. Бүгінде кәсіпкерлік біліммен оқу процесінің барлық деңгейі қамтылған», - деді Ф. Жақыпова елордадағы «Инновациялық экономика үшін кәсіпкерлік білім» атты ІІІ халықаралық форумында.

Осы орайда ол орта білім деңгейінде «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу бағдарламасы әзірленгенін еске салды. 2018 жылдың қыркүйегінен бастап осы пән 17 қанатқақты мектептегі оныншы сыныпта апробациядан өтуде. Келесі кезеңде жалпы білім беру мектептерінде 10 сынып толықтай қамтылады, ал 2020-2021 жылдары кәсіпкерлік негіздері 11 сыныпта оқытылады.

Оның айтуынша, колледждерде кәсіпкерлік білім дуальды оқыту аясында сәтті іске асырылуда.

«Жоғары білім саласында да тиісті жұмыстар атқарылуда, яғни 60-тан астам ЖОО-да «Кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізілген. Суденттердің кәсіпкерлік дағдыларын арттыру мен болашақ бизнесмендерді даярлау мақсатында білім беру бағдарламасы әзірленуде. Оқытушылар түрлі тренингтерден өтіп, семинарларға қатысуда», - деді Жақыпова.

Осы орайда ол студенттер стартап-жобаларды ашып, өздерінің бизнес идеяларын іске асырып жатқанын жеткізді. 50-ден астам ЖОО-да 350 стартап жүзеге асырылуда. Олардың арасында 241 стартап инвестиция тартты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада «Инновациялық экономика үшін кәсіпкерлік білім» атты ІІІ халықаралық форум өз жұмысын бастады.

Форумның мақсаты - кәсіпкерлік білім беру саласында оқыту мен тәжірибе алмасу үшін ашық сараптамалық пікірталасқа аудиторияны тарту. Онда мамандар осы сектордағы білім беру бағдарламаларының үздік тәжірибелері мен трендтері туралы әңгімелейді.

Жоғары қарай