Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

100 пайыз отандық көлік шығаруға қанша уақыт қажет

2019 жылдың 12 қыркүйек 2019 17:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 100 пайыз отандық көлік шығару үшін 10-15 жыл уақыт керек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз өзіміздің автомобильді бастан-аяқ жасап шығаруымыз үшін 10-15 жыл қажет деп есептейміз. Сондықтан технологиялар трансфертін жүзеге асырып, оларды сатып алу арқылы қалғанын өзімізде шығару табысқа жетудің ең қысқа жолы. Бұған қоса, қазақстандық көліктердің қолжетімді болуы үшін екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекет қаражаты бөлініп жатыр. Бірақ, оған үлкен кезек қалыптасқан. Өткен, оның алдындағы жылдары бөлінген қаражаттар жылдық 4 пайызпен автонесиеге берілді. Өткен жылды 2017 жылмен салыстырғанда автомобиль өндірісі 3 есеге жуық артты», - деді ол Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 100 пайыз отандық көлік шығаруға ұзақ жылдар уақыт жұмсаған елдер бар. Мәселен, Оңтүстік Корея оған 60 жыл кетірді. Ал бізде 2010 жылға дейін автомобиль, электровоз, тепловоз өндірісі болған емес. Сонымен қатар, ол көлікке қажетті бөлшектердің 50 пайызын шығаратын өндіріс ошақтары ел ішінде болғанда да Қазақстанның автомобильдері сыртқы нарықта өтімді болатындығын айтты. Бұл бағытта да нақты жұмыс бар. Қазіргі уақытта елімізде көліктің аккумуляторы, дискісі шығарылып, көлік шанағын дәнекерлеу, сырлау, және құрастыру жұмыстары жүргізіледі.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Парламент, Өнеркәсіп,
Жоғары қарай