Ауа райы
Нұр-Сұлтан 25 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 378.83
EUR 430.99
RUB 6.04
CNY 55.05

111 жастағы қостанайлық ақын әженің кітабы жарық көрді

2019 жылдың 8 наурыз 2019 10:55 1355

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат  - Қостанай қаласында тұратын 111 жастағы Нағима Серғалиева өзінің «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дәрия» атты кітабын шығарды. Әжей ҚазАқпарат тілшісімен болған сұхбатта өмір жолы туралы әңгімелеп, ұзақ жасаудың сырымен бөлісті.

Бүгінгі жарқын өмір ардагер ата-әжелердің кешегі жүріп өткен қиын қыстау жолдарының жемісі десек, асылық емес. Жас ұрпақтың бақытты болашағы үшін олар жастық жігерін тәрк етіп, қатал тағдыр теперіштеріне жанқиярлықпен қарсы тұрды. Өмір жолы өнеге сондай қадірменді аналарымыздың бірі Қостанай қаласының тұрғыны - Нағима Серғалиева 111 жасқа шықты. Бір байқағанымыз, Нағима әженің аузынан бір ауық «айналайыны» түспейді.

«Әжең әлі тың. Үй ішінде өздігіммен жүріп-тұрамын. Көзім көрмесе де, құлағым шамалы естиді. Немере-шөберелерімнің  ортасындамын. Маған бұдан артық не бақыт қажет?» - дейді ғасыр асқан әже.

Нағима Серғалиева 1908 жылы Меңдіқара ауданының Қарағай ауылында дүниеге келген. Ардақты әкесі Жақыпты «байдың баласы болды» деген желеумен кәмпескелеп, кісен тағып алып кеткен. Амал жоқ, әкеден ерте айырылған ол еңбекке бала жасынан араласты. Қилы заманның қиындығын көріп, әбден ширады. Анасы Қазина мұны кішкентайынан ісмерлікке баулыған. Сондықтан да әжей әлі күнге дейін жасының ұлғайғанына қарамастан бос отыру дегенді білмейді.

«Он алты жасымда Нұрыш Мінайдаров деген азаматпен тұрмыс құрып, ұл мен қыздарды дүниеге әкелдім. Осы кезде талай отбасына қайғы-қасірет әкелген сұм соғыс басталды. Елдегі бетке ұстар, жұмысқа жарамды азаматтардың бәрі де Отанды қорғау үшін соғысқа аттанды. Нұрыш көптен қалмай, майданға кетті. Ол кезде менің жеті сыныптық білімім болды. Бірнеше жыл мұғалім болып істедім. Еңбектерім үшін Сталиннен мақтау қағаз алдым (...) тағдырдың жазуы шығар, екінші рет тұрмысқа шықтым», - деп еске алды кейуана.

Ары қарай әңгімеге әжейдің қызы Зәуре Мінайдарова қосылды. Оның айтуынша, Нағима әжей балаларының алаңсыз өмір сүруі үшін қолдан келген жағдайдың бәрін жасады. Колхоз-совхоздың жұмыстарын таңдамай істеді. Сауыншы да болған. Қызметтерінде абыройға бөленген. Өз уақытында бүкілодақтық байқауларда жеңімпаз атанып жүрді.


null 

Әжейдің тағы бір қасиеті - ақындығы. Ол қазақтың ұлы тұлғалары Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлинге арнаған өлеңдерін әлі күнге жатқа біледі. 98 жасқа келгенше қолынан газет-журнал түскен емес. Соңғы кездері қос жанары сыр бере бастаса керек. Қазір оның өтініші бойынша жаңа келген басылымдарды балалары оқып береді. Айтпақшы, әжей жақында «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дәрия» атты кітабын шығарды. Онда бірнеше өлеңдері, айтқан сөздері жинақталған

Ал әжей ұзақ жасаудың сыры туралы: «Мен үшін ұзақ жасаудың сыры адалдық пен еңбектену. Әр адам жақсылыққа, барынша адал ниетке құштар болу керек. Ішімдік пен темекіден аулақ боп, салауатты өмір салтын ұстанса, кез келген адам өзінің жасына жететіні рас қой. Бірақ, адамдардың бәрі бірдей емес, өмірлерінде түрлі жағдай кездесіп жатады. Бірақ, адалдығын әр уақытта сақтап қалуға болады. Ол - жүректе», - деді Нағима әже.

Ғұмырында бейнет пен зейнетті қатар көрген көзкөргеннің жастарға айтар өнегесі көп. Балалары мен немерелерінің ортасында көпті көрген  қарияның нақыл сөздері сақталып, үлгі етіледі. Ол өзін өмірдегі ең бақытты анамын деп есептейді Ұл-қыздарынан 22 немере, 23 шөбере сүйді. Қазір солардың арасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр.

«ҚазАқпарат» ХАА ұжымы Нағима әжемізді бүгінгі мерекесімен құттықтайды. 

Жоғары қарай