Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

15 қазан. Туған күн иелері.

2019 жылдың 15 қазан 2019 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 15 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




125 жыл бұрын (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері Сәкен СЕЙФУЛЛИН дүниеге келген.

Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен.

Осыдан бір ай өтпестен, маусымның 4-де ақтар көтеріліс жасап, Ақмола совдепшілерін тұтқынға алған. Сәкен атаман Анненковтың «азап вагонында» 47 күн ажалмен арпалысып, 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылғы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған.

«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.

С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі - Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер, «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғак, кешу» атгы тарихи-мемуарлық романында көрсетеді. Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері - Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға, алғашқы кітаптарын бастыруға көп күш салды. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы кеңінен мерекеленді. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы жолсыз жазаға ұшырады. Ол туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.




114 жыл бұрын (1905-1995) ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Әбу (Әбуғали) СӘРСЕНБАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Астрахандағы партия мектебін, Алматыдағы Коммунистік жоғарғы оқу орнын бітірген.

1934-1936 жылдары - «Түрксіб» газетінің редакторы. 1936-1942 жылдары - Қазақ мемлекеттік баспасының директоры. 1942-1947 жылдары Кеңес армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1947-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры қызметтерін атқарған. Оның «Еділ толқыны» атты тұңғыш дастаны 1937 жылы жарық көрген. «Жүрек сыйы», «Ант», «Ақша бұлт» атты өлең кітаптары, «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдары, «Арбасу» (Қ.Жұмалиевпен бірге), «Теңіз махаббаты» пьесалары, «Әдебиет хрестоматиясы» (Е.Исмайловпен бірге құрастырған, 3-сыныпқа арналған), «Оқу кітабы» (үлкендер мектебіне арналған), «Ана тілі» (3-сыныпқа арналған) оқулықтары, әскери новеллалар мен эсселер жинағы жарық көрген. Сонымен қатар А.Пушкин, М.Лермонтов, Ш.Петефи, Н.Некрасов, Фаиз шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның шығармалары орыс, эстон, түрікмен, тәжік, болгар, т.б. тілдерге аударылған. Қызыл Жұлдыз, Қазан революциясы, Халықтар достығы, Еңбек Қызыл Туы, Отан соғысы «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталған.




107 жыл бұрын (1912-1998) жазушы, аудармашы, журналист, КСРО және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Жайық БЕКТҰРОВ дүниеге келді.

Ақмола облысы Ақмола ауданы Қызылағаш ауылында туған. Жоғары коммунистік ауыл шаруашылығы мектебін (1934), Қазақ мемлекеттік университетін (1955) бітірген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейін Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында комсомол жұмысында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің жауапты редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім меңгерушісі, Жамбыл облысы «Колхоз жолы» (кейін «Еңбек туы») газетінің редакторы, Талдықорғанда ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған. «Жол жоралғысы» (1977) жинағының авторы. Л.Пантелеев, Г.И.Серебрякова, Д.Дефо, Ш.Петефии, Я.Г.Гашек, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Қазақ зиялылары туралы жазылған естеліктері мен әдеби портреттер жинағы шықты.




83 жыл бұрын (1936-2007) жазушы, аудармашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығының лауреаты Сайын МҰРАТБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы облысының Қапал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. 1977-1984 жылдары - «Жұлдыз» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, редакторы. 1984-1991 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, көркем әдебиетті насихаттау бөлімінің директоры, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, басқарма хатшысы, «Жазушы» баспасының директоры. 1992-1996 жылдары - «Халық конгресі» газетінің бас редакторы. «Невада - Семей» қозғалысы басшыларының бірі болды. Жазушының алғашқы әңгімесі 1954 жылы жарық көрді. Оның халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған «Ауыл оты», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Өліара» «Басында Үшқараның», т.б. шығармалары ұлттық бояуының қанықтығымен танылды. Әсіресе «Жусан иісі», «Жабайы алма» сынды әңгіме-повестері - қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін кеңейткен шығармалар. Мұратбековтің туындылары бойынша «Тел өскен ұл», «Ұлтуған» кинофильмдері мен 9 қысқа метражды фильм түсірілген. Ол Ә.Әлімжанов, О.Сүлейменов шығармаларын, тәжік классигі С.Айнидің «Вобкенттік Шүкірбек», орыс жазушысы Ю.Казаковтың «Қыру - шыру», украин жазушысы О.Гончардың «Қас-қаққандай бақыт үшін», Африка жазушысы Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам» атты туындыларын, сондай-ақ жүзден астам көркемсуретті фильмді қазақ тіліне тәржімаласа, өзінің де шығармалары 30-дан астам шет ел тілдеріне аударылған.

Құрмет белгісі орденімен, медальдармен марапатталған. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.




60 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Сәрсенбайұлы МЕЛДЕШОВ дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданының Мақталы ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1985-1986 жылдары - Алматы темір жолы басқармасы заң бөлімінің юрисконсульты. 1986-1989 жылдары - Қазақ ССР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының аға консультанты. 1989-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі хаттар және азаматтарды қабылдау бөлімінің консультанты, қабылдау бөлмесінің меңгерушісі. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыру-заң бөлімінің аға консультанты, Парламент Сенаты аппараты заң шығару бөлімінің консультанты. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің заң шығару және сот жүйесі жөніндегі бөлімінің аға сарапшысы. 1997-1998 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ Басқармасы шарт-талдау бөлімінің бастығы. 1998-2001 жылдары - «Қазақтелеком» ААҚ Басқармасы шарт-талдау бөлімінің меңгерушісі. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Заң бөлімінің меңгерушісі. 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі. 2007-2017 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы. Қазіргі қызметінде - 2017 жылғы маусымнан.




52 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитететінің бас хатшысы Сәкен Жүнісбекұлы МҰСАЙБЕКОВ дүниеге келген.

В.И. Ленин атындағы Қазақ политехника институтын, тау инженері (1991); Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, экономист-халықаралық қатынастар маманы (1996).

Еңбек жолы: 1991-1995 жылдары - «Алма» іскерлік ынтымақтастықтың Алматы салааралық интерассоциациясының жетекші маманы, коммерциялық директоры; 1995-1996 жылдары - ҚР Министрлер кабинетінің жанындағы Шетелдік қаржыны жұмсау бойынша комитетінің жетекші, бас маманы; 1996-2000 жылдары - ҚР Парламентінің Мәжіліс Аппаратында қызмет; 2000-2001 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры; 2001-2002 жылдары - ҚР көлік және коммуникациялар министрлігі автожолдар комитеті «Қазақавтодор» МҚМ бас директорының орынбасары; 2002-2004 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің бөлім басшысы, аппарат басшысы; 2004-2005 жылдары - ҚР көлік және коммуникациялар вице-министрі; 2005-2006 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің аппарат басшысы; 2007-2012 жылдары - «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры, аппарат басшысы; 2012-2015 жылдары - Спорттық жекпе-жек пен күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының бас директоры. ҚР мәдениет және спорт вице-министрі болды.

«Құрмет» орденімен (2014 ж.), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медальмен марапатталды.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай