Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

16 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 16 қазан 2019 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 16 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік азық-түлік күні

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының құрылған күніне орай (1945 жылғы 16 қазан) жыл сайын тойланады.

Дүниежүзілік анестезиологтар күні

Анестезия - жүйке сезімталдығының жоғалуы. Жасанды анестезияны хирургиялық операцияны ауыртпау үшін қолданады. Анестезия жалпы, жергілікті және жұлын-ми сұйықтығы анестезиясы болып бөлінеді. 1846 жылғы қазанның 16-сында тіс дәрігері Томас Мортон алғаш рет эфир наркозымен операция өткізді. Содан бері бұл күнді дүниежүзі Анестезиологтар күні деп есептейді.

Бүкіләлемдік нан күні

Мейрам Халықаралық наубайшылар және наубайшы-кондитерлер одағының бастамасымен 2006 жылы бекітілді. 1945 жылғы 16 қазанда БҰҰ-ның ауыл шаруашылығы мен оның өнімдерін дамыту мәселелерімен айналысатын Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы құрылған болатын. Нан күні мейрамын тойлауға 16 қазанның таңдалуының мәнісі осында жатыр.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1940 жылы Семей қаласында қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, ағартушы, композитор Абайдың мұражайы ашылды. Республикада алғашқылардың бірі болып ашылған бұл мұражай орталық Шығыс пен Батысты байланыстырып отыр. Абай мұражайына 20 мың жәдігер қойылған. Олардың қатарында Абайдың көзін көріп, өзі тұтынған заттар да кездеседі. Сондай-ақ, мұнда 13 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді.

1972 жылы О. Жәутіков атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты ашылды. Бұл республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысынан көптеген жүлделі орындарға ие болып, ең жоғары көрсеткіштерге жеткен Қазақстан мектептерінің бірі. Аталған оқу орнында 9-11 сынып оқушылары білім алады.

1991 жылы Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес ел көшбасшысын таңдау жолындағы бүкілхалықтық бірінші сайлау өтті.

2006 жылы Мәскеуде ресейлік оқырмандар мен әдебиеттанушылар тобына 1890 жылы Ф.Павленков негізін қалаған «Тамаша адамдардың өмірі» топтамасына кірген «Мұхтар Әуезов» кітабы таныстырылды. Оның авторы - Николай Афанасьев.

2007 жылы Қазақстан, Иран және Әзербайжан темір жол тармағының құрылысы туралы келісімге қол жеткізілді. Тегеранда Каспий маңындағы мемлекет басшылары саммиті шеңберінде, Нұрсұлтан Назарбаев, Ильхам Әлиев, Махмуд Ахмадинежад келісімге қолдарын қойды. Бұл жоба темір жол құрылысын Қазақстаннан Иранға Түрікменістан арқылы Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган бағытында қарастырылған.

2015 жылы ҚР Ұлттық банкі «Шығыс күнтізбесі» сериясының «Мешін жылы» алтын және күміс ескерткіш монеталарын, «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» сериясының «Шыбыншы торғай» күміс ескерткіш монетасын айналымға шығарды. Монеталардың номиналы - 500 теңге.

2017 жылы Алматыда шахматтан President Almaty Union chessplayers Cup-2 халықаралық турнирі өтті. Онда ерлер арасындағы халықаралық шебер және әйелдер арасындағы гроссмейстер атағына ие Жансая Әбдімәлік жеңімпаз атанды. Додаға 9 елдің 54 шахматшысы (9 халықаралық гроссмейтер, 9 халықаралық шебер) қатысты.

Жансая 9 турдың қорытындысы бойынша 7,5 ұпай жинап, 1-орынды иеленді. Дарынды қыздың рейтинг перформансы 2679 болды. Турнир қорытындысы бойынша Жансаяның халықаралық рейтингі 80 ұпайға жоғарылады.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай