Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

19 қазан. Туған күн иелері

2019 жылдың 19 қазан 2019 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 19 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырманға есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




95 жыл бұрын (1924-1988) Рейхстагқа 1945 жылғы 30 сәуірде бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ офицері, «Халық қаһарманы» Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВ дүниеге келді.

Қазіргі Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взводты басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі шайқастарға қатысты.

Лейтенант Р.Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде ол жауынгер Г.Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алғаш болып Жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.

1947-1967 жылдары Ақмола облыстық атқарушы комитетінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармасының инспекторы. 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры қызметін атқарған.

Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.




89 жыл бұрын (1930) медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі Төрегелді Шарманұлы ШАРМАНОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген.

1958-1962 жылдары - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі. 1973-1984 және 1988 жылдан КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары - Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1995 жылдың мамыр айынан - Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті. 1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы.

Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады; мешел ауруының даму механизмін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспалары шығарылды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды.

Оның жетекшілігімен 60-қа жуық докторлық және 170-тен астам кандидатттық диссертациялар қорғалды.

«Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығын (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.




63 жыл бұрын (1956-2018) жазушы, драматург Рахымжан ОТАРБАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысының Теңіз ауданында туған. Орал педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бастады. Кейін мектепте мұғалім, Теңіз ауданында радио ұйымдастырушы, Қазақ телерадио комитетінде редактор болды, «Қазақ әдебиеті», «Аруана» газеттерінде, «Жалын» альманахында қызмет етті. Қырғызстандағы Қазақстан Елшілігінің атташесі, Ақтау облыстық радиотелевизия компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры болған. Жазушының «Дүние кезек», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры» атты кітаптары, «Абай соты», «Бейбарыс сұлтан», «Әбутәліп әпенді» және жазушы М.Құлкеновпен бірге жазған «Бас», «Жәңгір» пьесалары бар.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай