Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

2 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 2 ақпан 2019 07:00

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 2 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.




Оқиғалар2 ақпан. СЕНБІ

Бүкіләлемдік сулы-сазды жерлер күні

1971 жылғы 2 ақпанда Рамсар қаласында (Иран) Сулы-сазды жерлер туралы конвенцияға қол қойылды. 1997 жылы дәл осы күні Бүкіләлемдік сулы-сазды жерлер күні жарияланды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1913 жылғы ақпанның 2-нен (1918 жылғы қыркүйектің 26-ына дейін) Орынборда араб қарпімен қазақ тілінде «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылымның 264 саны шыққан. Газетте 20 ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған мақалалар жарияланып тұрған. Қазақ тілі мен әдебиеті жайындағы А.Байтұрсынұлының, Ә.Бөкейханның, М.Дулатовтың, Ш.Құдайбердіұлының мақалалары басылған.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Еуропа Одағы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.

2000 жылы Абылай хан халықаралық қоры, Қазақ мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы мен «Алтын адам» қоры бірігіп, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мемлекеттік және қоғамдық қызметі, елдегі халықтардың достығы мен бірлігін қамтамасыз еткені, басқа елдермен халықаралық ынтымақтастықты орнатқаны үшін «Ғасыр адамы» атағын берді.

2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада халықаралық әуежайдың жаңа ғимаратын ашты. Ғимарат жолаушылар үшін екі негізгі қабаттан және қазақтың киіз үйі тәрізді күмбез ішіндегі үш қабаттан тұрады. Олар алты телескоптық траптармен жабдықталған. Жаңа әуежайдың өткізу мүмкіндігі қауырт шақта тәулігіне 750 жолаушыға дейін болса, жүк терминалы тәулігіне 600 тоннаға дейін өткізе алады.

2012 жылы Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің тұрақты қадағалау органы - Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) қызмет ете бастады.

2015 жылы Алматыда «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндерінің аумағындағы шаңғы трассасы әлемдік рейтингте «үздік үштікке» кірді.

2017 жылы шаңғышы Иван Люфт, Дмитрий Рейхерд (могул), Юлия Галышева (могул), Галина Вишневская мен Алина Райкова (биатлон), Жанбота Алдабергенова және Бағлан Іңкәрбек (фристайлшылар дуэті) Алматыда өткен қысқы Универсиада-2017-де алтын медаль жеңіп алды.

2017 жылы Қазақстандық актер Арман Асенов спорттық «Оскар» спорт сыйлығының лауреаты атанды. Арман Асенов - танымал қазақстандық киноактер. Ол «Сага древних булгар» (Ресей) фильмінде Атилланың, «Возвращение в «А» (Қазақстан, Ресей) киносында - Кара-майорды, «Шыңғысхан» киносында (Италия - Польша) - Шыңғысханды, «Десант» фильмінде (Қазақстан) - лейтенант Ахметовті, «Қазақ елі» (Қазақстан) киносында - Қобыланды батырды сомдаған. Сондай-ақ, ол - қазақстандық және халықаралық кино өндірісіндегі 20-дан астам фильмнің продюсері.

Спорттық «Оскар» сыйлығы әлемнің түрлі елінен келген спортшыларға, жаттықтырушылар мен каскадерларға, сондай-ақ кинематография саласында белсенді жұмыс жасайтын адамдарға беріледі.

2018 жылы Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы өткізілді. Форумда инновациялар мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту мәселелері, басты интеграциялық жобалар, өнеркәсіпті цифрландыру және ауыл шаруашылығын Еуразия экономикалық одағына цифрлы үйлестіру жайы талқыланды.

2018 жылы Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC), Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA), Халықаралық бокс федерациясының (IBF) және Халықаралық бокс ұйымының (IBO) нұсқасы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин «Бокс аңыздары» сыйлығының «Жыл боксшысы» аталымында жеңімпаз болды.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай