Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

2 ақпан. Туған күн иелері

2019 жылдың 2 ақпан 2019 08:08

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 2 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.




nullЕСІМДЕР

81 жыл (1938) бұрын жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал ЫСҚАҚБАЙ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.1971-1977 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, республикалық «Қазақкітап» бірлестігінде бас редактор болып істеген. 1977-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде жауапты қызмет атқарған. 1985-1988 жылдары - «Мектеп», «Жазушы» баспаларының директоры. 1991-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік агенттігінің төрағасы. Жазушының «Қырық қыз», «Сұлутөрдің бөктері», «Ұят туралы аңыз», «Жойқын төбе», «Шілде басталғанда», «Көңіл жұбанышы», «Менің көршілерім», «Пенде ғұмыр», «Ғашық боп көрмеген келіншек» атты прозалық, «Шығарма шырайы - шындық», «Мүйізді Өтеген», «Баба ұраны» атты сыни-зерттеу кітаптары жарық көрген. Жазушының әңгіме, хикаяттары бойынша «Қырық қыздың ауылы», «Қияндағы қыстау» сияқты телеқойылымдар, «Тамшы» көркем фильмі түсірілген. Қазақтың 1100 әнін құрастырып, «Қазақша Караоке» деген атпен CD-ға жаздырған.

Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасымен марапатталған.

79 жыл бұрын (1940) ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Мұқанұлы МАҒАУИН дүниеге келді.

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасы, «Жалын» журналы бас редакторларының орынбасары, Әдебиет институты және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аға ғылыми қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, доценті, «Жазушы» баспасының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.

«Кешқұрым» атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған.

«Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» повестер мен әңгімелер жинақтарының, «Көк мұнар», «Шақан шері» романдардың, «Аласапыран» роман-дилогияның, «Қобыз сарыны» атты монографияның, «Ғасырлар бедері», «Қазақ тарихының әліппесі» ғылыми-зерттеу еңбектерінің, «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» оқулықтарының, хрестоматия және басқа да оқу құралдарының авторы. «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай заман-ай, заман-ай» ақын-жырау шығармалары жинақтарының антологиясын құрастырған. Көптеген шығармалары басқа елдердің тілдеріне аударылған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

63 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ШӘКІРОВ Асқар Оразалыұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтын, КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының адъюнктурасын бітірген. 1978-1987 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының адъюнкты, инспекторы, аға инспекторы, ғылыми қызметкері. 1987-1989 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі сыртқы байланыс бөлімінің, 1989-1992 жылдары - КСРО Ішкі істер министрлігі Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты бөлімінің бастығы.

1992-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Келісімшарт-құқық басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасының Корей Республикасындағы Уақытша Сенімді Өкілі, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі. 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 1998-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кеден комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

2007 жылдың қыркүйек айынан - қазіргі қызметінде.

КСРО-ның ІІІ дәрежелі «За безупречную службу» медалімен, Қазақстан Республикасының «Астана», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Халықаралық әскери достастықты дамытқаны үшін» медальдарымен, Ресей Федерациясының «За укрепление таможенного содружества» медалімен, Қырғызстан Республикасының «За укрепление таможенного сотрудничества» медалімен марапатталған.

42 жыл бұрын (1977) «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сейітжапарұлы СӘРСЕНОВ дүниеге келді.

Шымкент облысында туған. Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын бітірген, «Ақпарат өңдеу және басқарудың автоматтандырылған жүйесі» мамандығы бойынша инженер.

Әр жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеген, Қазақстан Республикасы радиожиілік спектрін пайдалануды бақылау мәселесімен айналысты, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Қаржылық жүйелерді ақпараттандыру орталығы» РМК ақпаратты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

2003 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2008 жылдың сәуір айынан 2009 жылдың қазан айына дейін «Қазақтелеком» АҚ электрондық қызметтер бойынша Басқарушы директоры лауазымын атқарды. 2009 жылдың қазан айынан 2010 жылдың 30 наурызына дейін ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнаулы есеп жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2010 жылдың сәуір айынан 2012 жылдың қаңтар айына дейін ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі лауазымын атқарды. 2012-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі қызметінде болды. Сонымен қатар ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (09.04.2014-13.08.2014); ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы (08.2014 бастап) лауазымдарын атқарды. 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі болған.

Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың ақпанынан.

39 жыл бұрын (1980) Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Нұржанұлы ОТАРБАЕВ дүниеге келген.

Жамбыл облысында туған. Білімі - жоғары.

Еңбек жолын 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде стажер-зерттеуші болып бастаған. 2003 - 2016 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде аспирант, «Диалог» Еуразия-Қазақстан» журналының жауапты хатшысы, бас редакторы, бас үйлестірушісі, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қаламгер» журналының бас үйлестірушісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі болып қызметтер атқарған.

2016 жылғы сәуір айынан Қазақстан Республикасы Түркия Республикасындағы елшілігінің үшінші хатшысы лауазымын атқарып келді.

Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, басқарма мүшесі және хатшысы. Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты. «Ақ Жайық» журналының, Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың және «Жалын» журналының Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлығының иегері.

Қазіргі лауазымын атқаруға 2018 жылдың қарашасында кірісті.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай