Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 376.43
EUR 407.11
RUB 5.76
CNY 53.55

20 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 20 қаңтар 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 20 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Әзербайжанда бүкілхалықтық аза тұту күні

1990 жылы 00 сағат 20 минутта КСРО-ның басқа өңірлерінен келген совет әскері Әзербайжан КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының келісімінсіз Баку қаласына баса-көктеп кіріп, КСРО және Әзербайжан КСР Конституцияларын, сондай-ақ республиканың егемендігі туралы Конституциялық заңды өрескел бұзды.

Қарулы акция салдарынан жүзден астам бейбіт тұрғын, негізінен әзербайжандар қаза тапты. Қайғылы оқиғалардың себептері мен салдарын тексеру жөніндегі республикалық комиссияның деректеріне сәйкес, 131 адам қаза тауып, 744 адам жараланған. Сол күн «Қаралы қаңтар» деген атпен Әзербайжан тарихында қалды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1919 жылы қазіргі Алматыда Жетісу жыршы-ақындарының слеті өтті. Оған халық ақыны Жамбыл Жабаев та қатысты.

1932 жылы Қазақ Өлкелік Комитетінің ІІІ Пленумының Қаулысымен «Советская степь» газеті «Казахстанская правда» болып өзгерді.

1984 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Қазақ КСР-інің халық жазушысы» құрметті атағы бекітілді. Құрметті атақты алғашқылардың бірі болып Ғабит Мүсірепов, Дмитрий .Снегин, Тұрсынхан Әбдірахманова иеленді. 1999 жылдан бастап «Қазақстанның халық жазушысы» атағын беру тоқтатылды.

1994 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Галс» телехабар таратудың алғашқы ғарыштық қондырғысы ұшырылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның мамандандырылған коммерциялық жинақ банкі Халық банкі болып қайта құрылды.

1996 жылы Қазақстанның екі палаталы Парламенті – заңнамалық қызметтерді атқаратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілетті органы өз жұмысын бастады

2009 жылы «Қазпошта» АҚ Екінші Ұлттық халық санағына арналған пошта конвертін айналымға шығарды. «Kazpost» таңбалы конвертте Екінші ұлттық халық санағының белгісі мен «Елтаңба» стандартты пошта маркасы басылған. Көлемі 220 х 110 мм-лік конверт - 1 миллион дана.

2010 жылы Ақордада ядролық қаруды таратпау жөнінде ҚР Президенті жанынан құрылған Комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Мәжіліс барысында ядролық қаруды таратпау, Қазақстанның осы саладағы халықаралық серіктестіктері мен Вашингтонда өтетін саммитке қатысатын Қазақстан делегациясының дайындығы талқыланды.

2010 жылы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Болат Сембиновтың басшылығымен қазақстандық делегацияның Брюссельге сапары барысында «НАТО+Қазақстан» форматында отырыс өтті, онда НАТО-мен Қазақстан әріптестігінің жеке іс-қимыл жоспарының (ӘЖІЖ) екінші циклі мақұлданып, қабылданды.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан сайланған, үш партия өкілдері енген V шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясын ашты. 2012 жылдың 15 қаңтарында болған кезектен тыс сайлауда үш саяси партия: «Нұр Отан» ХДП, «Ақ жол» партиясы мен Қазақстанның ұлттық коммунистік партиясы жеткілікті дауыс жинап, Парламент Мәжілісіне өтті.

2015 жылы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі, қаһармандығы мен қайсарлығы үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «1941 – 1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл»
бірыңғай мерекелік медалі туралы» Жарлыққа қол қойды.

2016 жылы Алматыда Мұрат Мұтырғановтың цирк студиясы ашылды. ҚР Тұңғыш Президент Қорының арқасында аз қамтылған отбасылардың балалары цирк студиясында тегін білім алады.

2018 жылы Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы Абай мен Жюль Верннің құрметіне «Абай-Верн» стипендия бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарламаны Франция үкіметі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен бірлесіп қаржыландыруда. Бағдарлама жыл сайын 100 стипендия тағайындайды.

2018 жылы әлемдегі ірі кітапханалардың бірі – Нью-Йорк кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының салтанатты ашылуы өтті.

2019 жылы Мәскеудегі Третьяков галереясында «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің арнайы көрсетілімі болды.

Тарихи жобаның авторы - ҚР Президенті Н. Назарбаев. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қатысуымен түсірілген. Фильм сценарийін жазушы Смағұл Елубай Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша дайындаған.

«Алмас қылышты» түсіруге екі жыл уақыт кеткен.

2019 жылы Қазақстан алғаш рет Германияда өткен ауқымды халықаралық ауылшаруашылық көрмесіне қатысты. Оған әлемнің 65 елінен 1700 компания қатысты.

Еліміз отандық 10 ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімін таныстырды. Олар жақсы дайындықпен барып, Берлинде өнімнің түр-түрін көрсетті. Жент,құрт және халуадан бастап танымал қазақстандық шоколадқа дейін. Тәттіден бөлек түйе сүті мен балық әкелінді. Бірақ көпшілік бие сүтінен жасалған шоколадқа таңданды. Қант пен трансмай қосылмаған өнімді шетелдіктер бірегей деп танып, рахаттана дәмін татты.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай