Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

20 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 20 қараша 2019 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 20 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

Дүниежүзілік балалар күні

1954 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы «Дүниежүзілік балалар күнін» барлық елдерде мерекелеуді ұсынды. 1959 жылы осы күні Балалар құқығы декларациясы, ал 1989 жылы Балалар құқығы конвенциясы қабылданды.

Дүниежүзілік созылмалы өкпе ауруына қарсы күрес күні

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бастамасы бойынша жыл сайын қарашаның екінші немесе үшінші сәрсенбісінде аталып өтіледі. Дүниежүзілік созылмалы обструктивті өкпе аурулары күніне орай, аталған ауру туралы хабардарлықты арттыру және науқастарға күтімді жақсарту бойынша жаһандық шаралар қабылдануда.

Географиялық ақпараттық жүйелер күні

1999 жылдан бері бірқатар американдық компаниялар мен ұйымдардың (Ұлттық географиялық қоғам, USGS, Sun Microsystems, Hewlett-Packard, ESRI) бастамасымен жыл сайын қараша айының үшінші сәрсенбісінде атап өтіледі.

Географиялық ақпараттық жүйе (ГАЖ) белгілі бір жердің кеңістігі (географиялық) мәліметтері мен олармен байланысты ақпаратты жинау, сақтау, талдау және графикалық визуализациялау жүйесі. Бұл мәліметтер картография, геология, метеорология, жерге орналастыру, экология, муниципалдық басқару, көлік, экономика, қорғаныс және т.б. көптеген салаларда қолданылады.

Педиатр күні

Педиатр күні 1954 жылдан бері Дүниежүзілік балалар күнімен бірге мерекеленіп келеді. 1954 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы барлық мүше елдерге бейбіт бауырластық күні ретінде, сондай-ақ бүкіл әлемдегі балалардың есен-саулығы мен олардың өзара түсіністігін қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік балалар күнін мерекелеуді енгізуді ұсынды.

БҰҰ мүше елдердің үкіметтеріне бұл күнді өз қалаулары бойынша кез келген датада атап өтуді ұсынды. Ал, 1959 жылдың 20 қарашасы күні Ассамблея Бала құқықтары жөніндегі декларацияны және 1989 жылы дәл осы күні Балалар құқықтары туралы конвенцияны қабылдады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1923 жылы «Советская степь» газеті жарыққа шықты. Газет күн сайын шығып тұратын. Бас редакторы Л.Хейфец болды. Қазақ өлкелік комитетінің қаулысымен 1932 жылы атауы «Казахстанская правда» болып өзгертілді. Осы атаумен газеттің алғашқы саны 21 қаңтарда жарық көрді.

1998 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан халықаралық ғарыш стансасының алғашқы модулі ұшырылды.

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана-Бурабай» автомагистраль құрылысының аяқталуына байланысты салтанатты рәсімге қатысты. Ұзындығы 224 шақырым болатын еліміздегі алғашқы үлкен жылдамдықты Астана-Бурабай автомагистралінің құрылысы 2006 жылы басталған болатын. Алты жолақты жаңа жол техникалық санаты 1-А параметрлеріне сәйкес келеді. Жолдың есепті жылдамдығы сағатына 150 шақырымды құрайды. Нысандағы жұмыстарға 1,4 мың дана техника және 3,5 мың адам жұмылдырылды.

2012 жылы Қарағандыда Украина құрметті консулдығы ашылды. Осыған орай ұйымдастырылған шарада консулдық функцияларды орындау туралы шартқа қол қойылып, консулдық патент және экзекватура –қабылдаушы мемлекеттің Үкіметі консулды мойындайтынын куәландыратын ресми құжат табыс етілді.

2012 жылы Астанадағы К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының концерт залында ТМД және түркітілдес елдері композиторларының халықаралық «Camerata tempo» камералық музыка фестивалі ашылды. Фестивальге Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, АҚШ, Бельгия, Грузия, Түркия, Ұлыбритания, Франция елдерінің оркестрлары қатысты.

2012 жылы Қазақстанда «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» құрылды.

2013 жылы Лондонда Қазақстан елшілігінің жаңа ғимараты ашылды.

2014 жылы ҚР Ұлттық музейінде қазақ археология мектебінің негізін қалаушылардың бірі, белгілі ғалым Кемел Ақышевке арналған «Ұлы даланың кемеңгер ғалымы» көрмесі ашылды. Ғалымның атағы Есік қорғанын ашу арқылы кеңге жайылды. Қорғаннан табылған «Алтын адам» тәуелсіз Қазақстанның символдарының біріне айналды.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Сан-Томе және Принсипи Демократиялық Республикасымен дипломатиялық қатынастар орнатты. Бірлескен коммюникеге Қазақстан мен Сан-Томе және Принсипидің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері – Қайрат Әбдірахманов және Карлос Филомено Агостиньо дас Ниевес қол қойды.

Сан-Томе және Принсипи - Батыс Африкада орналасқан арал мемлекет. Халқы 200 мыңнан астам. Жоғарғы заң шығарушы органы – бір палаталы Ұлттық жиналыс. Басқару формасы – президенттік республика.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Білім саясаты комитетінің қатысушысы болуға шақырту алды. Бұл - білім беру мен экономикадағы алдыңғы қатарлы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған ел ретінде Қазақстанға деген жоғары сенімнің, мейлінше тығыз ынтымақтастыққа ұмтылудың белгісі.

2018 жылы қазақстандық әнші Данелия Тулешова кіші «Евровидение» ән байқауына қатысушылармен бірге Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың қабылдауында болып, оған кәдесый – үйді тіл-көзден сақтайтын тұмар сыйлады.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай