Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі террорлық акті: Қазақстандықтар Жанетта Цойды еске алуда

2019 жылдың 11 қыркүйек 2019 17:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін бүтін әлем елдері 2001 жылғы 11 қыркүйекте «Әл-Каидамен» байланысты жанкешті-лаңкестер Нью-Йоркте ұйымдастырған террорлық шабуылдардың құрбандарын еске алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл күні Нью-Йоркте Boeing 767 екі жолаушылар ұшағы қос мұнарадан тұратын 110 қабатты Дүниежүзілік сауда орталығына (ДСО) соғылды. Үшінші Boeing 757 ұшағы – Вашингтондағы АҚШ Қорғаныс министрлігінің ғимаратына, төртінші Boeing 757 Питсбург қаласынан 80 миль қашықтықта құлады. Жанкешті-лаңкестер ұрлап әкеткен ұшақтар American Airlines және United Airlines авиакомпанияларына тиесілі болған.
«Террорлық шабуылдан қаза тапқан үш мыңға жуық құрбанның ішінде қазақстандық Жанетта Цой да бар. «Марш» халықаралық компаниясының қазақстандық филиалында қызметі бойынша жақсы жоғарылап келе жатқан алматылық қыз грин-карта алғаннан кейін Нью-Йорктегі бас кеңсеге ауыстырылған болатын. Кәсіби мансабының жаңа деңгейіне көтерілген ол Дүниежүзілік сауда орталығының жаңа кеңсесінде жұмысқа мерзімінен бұрын кірісу туралы басшылықтың өтінішінен бас тарта алмаған. Бірақ бұл шешім Жанетта үшін қатерлі болды: 2001 жылдың 11 қыркүйегі оның АҚШ-тағы екінші жұмыс күні және өміріндегі соңғы жұмыс күні болды», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратында.
Осы күні Нью-Йорктегі отандастарымыз Жанетта Цойдың есімі жазылған «11 қыркүйек» мемориалына гүл шоқтарын апарып қояды. 2015 жылы мемориалға ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барып, трагедия құрбандарын еске алды.
11 қыркүйектегі террорлық әрекет лаңкестікке қарсы күресте халықаралық ынтымақтастыққа елеулі әсер етіп, оны жаһандық деңгейге шығарды. Халықаралық терроризмге қарсы ынтымақтастықтың құқықтық базасы айтарлықтай пысықталып, 2001 жылғы 28 қыркүйектегі БҰҰ ҚК «Террористік әрекеттермен жасалатын халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы» 1373 қарары қабылданды. Аталған құжатқа сәйкес, осы беделді халықаралық ұйымға кіретін барлық елдер өз аумақтарында террорлық іс-қимылдарға тосқауыл қоюға міндетті. 2002 жылғы 10 сәуірде 1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық конвенция күшіне енді.
2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін лаңкестікке қарсы күрестегі БҰҰ-мен ынтымақтастықты Қаржылық теріс қылықтарға қарсы күрес жөніндегі халықаралық топ (ФАТФ) жандандырды. Аталған қағидаға сәйкес, 2001 жылғы қазанда терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес бойынша 8 қағида (ұсынымдар) қабылданды.
Бұдан басқа, 2001 жылғы желтоқсаннан бастап Еуропалық одақ жыл сайын террористік ұйымдардың қара тізімін жариялайды. Бұл олардың есеп-шоттарын ЕО елдерінің аумағында тоқтатуға мүмкіндік береді. Ал тізімде көрсетілген адамдар терроризмге қатысы бар деген айып бойынша қамауға алынады. Бұл тізім БҰҰ ҚК мен АҚШ Мемлекеттік департаментінің құжаттарын толықтырды.


Жоғары қарай