Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

21 ақпан. Туған күн иелері

2020 жылдың 21 ақпан 2020 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 21 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




103 жыл бұрын(1917-2011) қазақ театр және кино актрисасы, ССРО халық әртісі Хадиша Бөкейқызы БӨКЕЕВА дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Казталовка ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербург театр өнері институтын бітірген соң (1938), Шымкент облысының драма театрын ашқан. Осы театрда Еңлік (М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде»), Ақтоқты (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында»), Людмила (А.Островскийдің «Кешіккен махаббатында») сияқты рөлдермен көрермен назарын аударған.

Бөкеева 1942 жылы Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Катаринаны ойнау үшін Алматыға Қазақ драма театрына шақырылды. 1938-1942 жылдары Шымкент облысы қазақ драма театрының әртісі, 1942 жылдан өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі болған. 1965 жылдан бастап ұстаздық қызметін атқарды. 1946 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1952 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1957 жылы Қазақстанның халық әртісі (Қазақ КСР халық артисі), 1959 жылы КСРО-ның ең жоғарғы Ленин ордені берілді. 1964 жылы КСРО халық әртісі, 1974 жылы профессор, 1987 жылы «Халықтар достығы» орденімен, 2000 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Отан» орденімен марапатталды.




56 жыл бұрын (1964) ҚР Парламенті Мәжілісінің «Нұр Отан» партиясынан сайланған алтыншы шақырылым депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Ирина Сергеевна УНЖАКОВА дүниеге келген.

Ресей Федерациясы Иркутск облысында туған. 1983 жылы Өскемен құрылыс техникумын, 1988 жылы Өскемен құрылыс-жол институтын, ал 2011 жылы Шығыс Қазақстан өңірлік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1983 жылы Белогорск тау-кен байыту комбинатында сылақшы-сырлаушы болып бастаған. Институтты бітіргеннен кейін Өскемен құрылыс техникумының комсомол комитетінің хатшысы, технологиялық бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1992-1997 жылдары – Жастар істері жөніндегі комитеттің, Өскемен қаласы әкімі аппаратының жастар істері, туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы, бас маманы. 1995-1997 жылдары – «Информ-коктейль», «Витрина» және «Леди-Лидер» телевизиялық бағдарламаларының тележаңалықтар журналисі, тележүргізушісі, редакторы, Өскемен қаласы. 1997-1998 жылдары – Қалалық жастар қорының директоры. 1998-1999 жылдары – Өскемен қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметінің консультанты. 1999-2016 жылдары – «Status» Әйелдер федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті, басқарма төрайымы. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі. 2005 жылы Бейбітшілік Нобель сыйлығына номинацияланған әлемнің 1000 әйелінің құрамына кірген, Нобельдік Халықаралық акциясының ұйымдастырушы комитеті шығарған «Әлемді өзгерткен 1000 әйел» атты кітап кейіпкерлерінің бірі.

Қазіргі лауазымын 2016 жылғы 24 наурыздан бері атқарып келеді.

«Ерен еңбегі үшiн» медалімен (2016), «Астананың «10 жылдығы» (2008) және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) мерейтойлық медальдерімен марапатталған.




54 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VІ шақырылым депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Айгүл Қабдешқызы НҰРКИНА дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірді (1987). Заңгер, отбасы құқығы, экологиялық құқық, адвокаттық қызмет бойынша маман. Университет бітіргеннен кейін Павлодар қаласы Индустриялық аудандық атқару комитетінің әлеуметтік қамсыздандыру инспекторы (1990-1993); Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтының Павлодар филиалында директордың өндiрiстiк практика жөніндегі орынбасары, кейіннен оқытушы (2000-2004) болып жұмыс істеді. 2001-2004 жылдары негізгі мақсаты халыққа тегін заңгерлік консультациялық көмек көрсету, халықтың аз қамтылған топтарына заңгерлік және адвокаттық қолдау көрсету болып табылатын «ЗАҢГЕР» қоғамдық қорын құрып, оны басқарды. 2004 жылы «Асар» Республикалық партиясы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының хатшысы (2004-2006) болып тағайындалды. 2006 жылы «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары (2006-2011) болып тағайындалды. 2007 жылы Павлодар облыстық мәслихатының депутаты (2007-2011) болып сайланды. V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (2012-2016) болып сайланды. 2016 жылдан «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша VІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

«Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған.




49 жыл бұрын (1971) «Қазмедиа орталығы» Басқарушы компаниясы» ЖШС бас директоры Ләззат Олжабайқызы ЖҮНІСОВА дүниеге келген.

Еңбек жолын 1996 жылы «Қазақстан» ҰТА-да бастаған. 2002 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма мүшесі, 2004 жылы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болды. 2006-2009 жылдары «БТА банк» АҚ бренд офисінің директоры, 2009 жылы «Arna Media Production» ЖШС директорының орынбасары, 2010 жылдың маусымында «Телевизиялық жаңалықтар агенттігі» ЖШС директоры, 2010 жылдың желтоқсанынан «Евразия+ОРТ» ЖШС бас директоры болды. 2011 жылдың қарашасынан 2016 жылдың қазан айына дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Қазіргі қызметінде – 2018 жылдың мамырынан.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай