Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

21 қыркүйек. Туған күн иелері

2019 жылдың 21 қыркүйек 2019 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 21 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




115 жыл
бұрын (1904-1998) актер және қоюшы-режиссер, Қазақстанның халық әртісі қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі Қапан Оралұлы БАДЫРОВ дүниеге келді.

Қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы Табын ауылында туған. Қазақ театрының іргесін қаласқан өнер саңлақтарының бірі. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін, 1922-1925 жылдары Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында оқыған. Сондағы көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, 1922 жылы Б. Майлиннің «Бетім-ау, құдағи» деп аталатын шағын пьесасында Айқын келіншектің рөлін ойнап шыққан. 1925 жылы жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ драма театрына шақырылады. 1926 жылы Қазақ драма театры гастрольге кеткенде, Бадыров жолдамамен Алматы мал дәрігерлік техникумына оқуға жіберіледі. Онда оған жастар театрының көркемдік жағын басқару ісі тапсырылып, М. Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік-Кебек», Ө. Оспановтың «Зарлық», Ә. Сұлтановтың «Дариға-Қайдар», татар жазушысы Фахти Бурнаштың «Яш юряклар» спектакльдерін қойып, өзі де рөлдерде ойнады. 1931 жылы Қазақ драма театрына қайта оралады. Алғашқы көрнекті рөлі - М. Тригердің «Сүңгуір қайығындағы » Игорь Оленин. Сонан кейін Еркебұлан (С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларында»), Жетекші (Н. Погодиннің «Менің досымында»), Михайлов (В. Киршонның «Астығында»), Науан хазірет, Амангелді (Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» мен «Амангелдісінде»), Телғара (Ә. Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емесінде»), Жомарт (Ғ. Мұстафиннің «Миллионерінде»), профессор Мамлюк (Ф. Вольфтің «Профессор Мамлюгінде»), Арқалық (Ж. Шаниннің «Арқалық батырында»), Бекболат (Б. Майлиннің «майданында»), Шыңғыс сұлтан, Әлихан Бөкейханов (С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановы» мен «Сәкен Сейфуллинінде»), Төле би (Т. Ахтановтың «Антында»), М. Яровой (К. Треневтің «Любовь Яроваясында»), Отелло (У. Шекспирдің «Отеллосында»), Уәзір (Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында»), т.б. рөлдерді ойнап, Қазақсахнасында көптеген кесек образдар жасады. Әсіресе, Науан хазірет пен Отелло бейнелері - Бадыровтың Қазақсахна өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесі. Кейінірек У. Шекспирдің «Асауға-тұсауындағы» Баптиста, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Абыз бейнелері сияқты қарама-қайшы характерлерді сахналауы оның жан-жақты дарынын танытты. М. Әуезов драматургиясы Бадыров шығармашылығынан ерекше орын алып, Жазушының 21 пьесасында ойнады. Олардың арасында Кембай, Көбей, Қараменде, Еспембет («Еңлік - Кебекте»), Керім («Абайда»), Сапа, майқан болыс («Түнгі сарында»), Демеужан («Бәйбіше-тоқалда»), Маман («Айман - Шолпанда»), Қобыланды («Қарақыпшақ Қобландыда»), Кәрібоз батыр («Хан кенеде»), Бөрібасар (Ә. Тәжібаевпен бірігіп жазған «Ақ қайыңда»), Б. Момышұлы, Сталин (Ә. Әбішевпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясында») сияқты образдар бар. М. Әуезовтің «Абай» романының инсценировкасындағы Абай рөлі үшін КСРО мемлекеттік сыйлығы берілген (1952). 1940-1941 жылдары режиссурамен де айналысып, Ә. Әбішевтің «Жолдастарын» сахнаға шығарды. Кинода Қаратай («Амангелдіде»), Айдар, Сырттан («Абай әнінде»), Көреген («Алып туралы аңызда»), Сәрсен («Өмір жолында») рөлдерін ойнаған. Бабыровтың «Өткендер мен өткелдер» (1974), «Естен кетпес есімдер» (1981), «Театр, моя судьба» (1987) деген естелік кітаптары, көптеген мақалалары жарық көрді. Екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған.




68 жыл
бұрын (1951) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Бөлекбайұлы ТАСБОЛАТОВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Алматының Жоғары жалпы әскери басқару училищесін, Мәскеудің Фрунзе атындағы Әскери академиясын бітірген. 1969 жылдан бері Қарулы Күштер қатарында қызмет етті. 1973-1997 жылдары Алматы жоғары жалпы әскери басқару училищесінде курсанттар взводының командирінен училище бастығына дейінгі жолдан өтіп, Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бөлім бастығы болды. 1997-2002 жылдары Республика Қарулы Күштері Әскери академиясының бастығы қызметін атқарды. 2002-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болды. 2006-2011 жылдары - ҚР Республикалық ұланының қолбасшысы. 2012 - 2016 жылдары бесінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты. Қазіргі қызметінде 2016 жылғы наурыздан бері.

«Даңқ» орденімен, медальдармен марапатталған.




62 жыл
бұрын (1957) Қырғыз Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Айтмұхамбетұлы НҰРПЕЙІСОВ дүниеге келді.

Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы Галкино ауылында туған. Павлодар педагогикалық институты мен Алматы Халық шаруашылығы институттарын математик және экономист мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Павлодар стансасының локомотив депосында слесарь болудан бастаған. 1982-1988 жылдары Павлодар облысының қаржы және салық органдарында жұмыс істеп, бас экономистен Павлодар облысының салық комитетінің төрағасына дейін көтерілді. 1998-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, ҚР Мемлекеттік Кіріс вице-министрі қызметтерін атқарды. Соңғы уақытта Павлодар қаласының әкімі болды. 2003 жылғы маусымнан Павлодар облысының әкімі. 2008 жылдың қазанынан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2009 жылдың тамызынан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы. 2012-2013 жылдары ҚР Парламенті Сенатының аппарат басшысы. 2013-2019 жылдары ҚР Парламентіндегі ҚР Президенті өкілдігінің басшысы болған.

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың қыркүйегінен.

«Құрмет» орденінің және бірнеше ҚР медальдерінің иегері.




61 жыл
бұрын (1958) Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің мүшесі Иоган Давидович МЕРКЕЛЬ дүниеге келді

Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы) Еңбекшілдер ауданы Казгородок ауылында дүниеге келген. Свердлов заң институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 1984-1991 жылдары - Көкшетау облысы Чкалов ауданы прокуратурасының тергеушісі, Көкшетау облысы прокуратурасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі, Чистопольск ауданының прокуроры. 1991-1995 жылдары - Қарағанды облысы Саран қаласының прокуроры, Қарағанды облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары. 1995-1997 жылдары Торғай облысының прокуроры, 1997-1999 жылдары Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары. 1999-2000 жылдары - Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік комиссиясының мүшесі. 2000-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқықтық бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құқық қорғау және сот жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2005-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 2008-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары. Сыныптық шені - 3-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі. Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері. Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың мамыр айынан бері.

«Құрмет», «Даңқ» ордендерімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальімен марапатталған.




55 жыл
бұрын (1964) қазақстандық шаңғышы, Олимпиада чемпионы Владимир Михайлович СМИРНОВ дүниеге келді.

1980-1992 жылдары КСРО (ТМД) құрамаларының сапында өнер көрсетті, 1992-1999 жылдары Қазақстаның намысын қорғады. 4 дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының төрт мәрте күміс, екі мәрте қола жүлдегері.





39 жыл
бұрын (1979) Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Жексенбайұлы ДҮЙСЕБАЕВ дүниеге келді.

Жоғары білімді, экономист-менеджер мамандығы бойынша С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылдан бастап «Агро-центр Астана» ЖШС-да бақылаушы-ревизор болып бастады.

2002 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Орталық және жергілікті атқарушы органдарда жұмыс тәжірибесі бар. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы болған. 2004-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің бас инспекторы болып қызмет атқарды.

2006 жылдан бастап Қарағанды облысында қызметін жалғастырды. Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болды.

2007 - 2010 жылдары облыс әкімі аппаратын басқарды, одан кейін облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

2010-2012 жылдарда Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі қызметін атқарды.

Тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары лауазымында еңбек етті.

Қазіргі қызметінде - 2014 жылдың маусымынан бастап.




49 жыл
бұрын (1970) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Жанұзақұлы ҚҰРМАНБАЕВ дүниеге келді.

Өскемен қаласында туған. 1993 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін, 2005 жылы Ресей Федерациясының Құрылық әскерлерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери академиясын, 2008 жылы Ресей Федерациясының Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясы Жоғарғы академиялық курстарын тәмамдаған.

1987-1988 жылдары – ДЭУ-228 жұмысшысы. 1991-1993 жылдары – Алматы қаласы орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі. 1993-2003 жылдары – Ұшыру қондырғысы взводының командирі, зениттік зымыран батареясының командирі, зениттік зымыран полкі командирінің қару-жарақ бойынша орынбасары – техникалық бөлімнің бастығы. 2003-2005 жылдары – Әскери академияның тыңдарманы. 2005-2009 жылдары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Штабтар басшыларының комитеті Департаментінің аға офицері, бөлім бастығы, басқарма бастығы. 2009-2010 жылдары – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының инспекторы. 2010-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Департамент бастығының орынбасары, бастығы. 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімінің меңгерушісі. 2019 жылдың сәуір айынан бастап Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Әскери атағы – генерал-майор. 2-дәрежелі «Айбын» орденімен (2007) және түрлі медальдармен марапатталған.

Үйленген, екі бала тәрбиелеп отыр.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай