Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

23 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 23 ақпан 2019 07:00

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 23 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.




КүнтізбеЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістанға ресми сапармен барды. Сапар барысында ол Пәкістан Премьер-Министрі Наваз Шарифпен келіссөздер жүргізді.

1993 жылы Алматыдағы Достық үйінде «Қазақстан-Венгрия» достық қоғамы құрылды.

1995 жылы Лондонда Ұлыбританиядағы Қазақстанның мәдени орталығы -Абай үйі ашылды.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ресейдің танымал балетмейстері Юрий Григорович «Достық» орденімен марапатталды. Ол бұл наградаға Қазақстан мен Ресей халықтарының арасында достық қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін ие болды.

2007 жылы Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданы құрылды. Бұл шешім Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қабылданды. Бұл аймақтың бесінші әкімшілік-территориялық ауданы. Мұнайлы ауданының әкімшілік аумағы 492 мың 189 гектар жерді алып жатыр.

2010 жылы Германия-Азия экономика қоғамының президенті Бодо Крюгер Висбаден қаласында өткен қабылдауда Қазақстан Республикасын ЕҚЫҰ төрағалығына кірісуімен құттықтай отырып, ЕҚЫҰ тарихында алғаш рет посткеңестік кеңістіктегі елге ұйымның төрағалығы сеніп тапсырылғанын атап өтті.

2011 жылы Астанада жазушы Табыл Құлыястың «Қан­жо­са ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» атты кітаптарының таныстырылымы өтті. Кітаптың үшеуі де Кеңес Үкіметі тұсындағы трагедиялық оқиғаларға, қолдан жасалған саяси нәубеттерге арналған. Мәселен «Қан жоса ғасыр» кітабында 1918-1922 жылдардағы аштықтың себептері баяндалса, «Қырғын» кітабында 1932-1934 жылдары Ф. Голощекиннің «Кіші Қазан» ұжымдастыру саясаты және оның қазақ халқы үшін орны толмас салдарлары, «Қан кешу» жинағында НКВД-нің ұлт зиялылары мен бас көтерер азаматтардың соңына түсіп, қуғын-сүргінге ұшыратып, ғазиз өмірлерін жалмаған ауыр жылдар суреттеледі.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі Ислам қаржылық қызметтері бойынша кеңестің қауымдастырылған мүшесі ретінде қабылданды.

2012 жылы Қазақстан «Сегіздік тобы» жаппай қырып-жоятын қарулардың таратылуына қарсы жаһандық әріптестіктің 24-мүшесі болды.

2015 жылы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының отырысында Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың 2015-2017 жылдары күшіне енуіне көмек конференциясының тең төрағасы болып тағайындалды.

2015 жылы Петропавл қаласындағы Қазақ классикалық гимназиясына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сафуан Шаймерденовтің есімі берілді. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына мәдениет қайраткерлері, драматургтің туыстары, жұртшылық өкілдері қатысты.

2017 жылы Кот-д' Ивуардағы бітімгершілік миссиясынан кейін Қарулы күштердің офицері Асылхан Аманғалиұлы миссия барысында үздік бітімгершілік даярлығы бар білікті маман, офицер ретінде көрініп, әскери бақылаушыларға берілген талаптарды мінсіз және үлгілі орындағаны үшін БҰҰ медалімен марапатталды.

2018 жылы Брюссельде Еуропаның сыртқы саяси қызмет органының ғимаратында Қазақстан Республикасы мен Еуропа одағының арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толуына орай фотокөрме ашылды.

Көрмені Еуропа тарапының қолдауымен Қазақстан Республикасының Брюссельдегі елшілігі ұйымдастырды. Онда Қазақстан сұлу табиғаты мен заманауи қалаларының әсемдігі бейнеленген 18 жұмыс көрсетілді.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай