Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

4 қаңтардан бастап Семей автобустарында электронды билет жүйесі енгізіледі

2020 жылдың 3 қаңтар 2020 13:45

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы автобустардың бәріне электронды билеттеу жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімі Ермак Сәлімовке сілтеме жасап.

«2020 жылдың 4 қаңтарынан бастап Семей қаласындағы барлық автобустар, яғни, үш автотұрақ электронды билет жүйесіне көшеді. Бұл күні қала тұрғындары 160 мың көлік картасымен қамтылады деп жоспарланған. Егер карталар болғанда біз электрондық билет жүйесін бұрынырақ енгізіп қояр едік», - деп атап өтті Ермак Сәлімов.

Сонымен қатар әкім көлік картасы және мобильді құрылғымен төлем жасау ақысы бұрынғыша 80 теңге болып қалатынын айтты. Қала басшысы депутаттармен келісіп, Әділет министрлігінде тіркегеннен кейін бір бағытқа жол ақысы 140 теңге болатын сараланған тариф енгізілетінін мәлімдеді.

«4 қаңтардан бастап – электрондық билет жүйесі, ал 14 қаңтардан - Әділет министрлігінде тіркегеннен кейін сараланған тариф іске қосылады. Яғни, 14 қаңтар күні автобусқа міндің, бірақ көлік картаң болмаса, 140 теңге төлейсің немесе көлік картасын аласың. Біз картаны автобустың ішінде сатып алуға болатын мүмкіндік жасауға тырысамыз, бірақ кондуктордан емес, басқа адамнан», - деп түсіндірді қала әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 3 желтоқсанында Семей қаласында көлік карталарының жетіспеуінен қала автобустарындағы электронды билет жүйесіне біртіндеп көшу туралы шешім қабылданған болатын.


Жоғары қарай