Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

6 несиесі бар: Елорда әкімдігі көпірден секірмек болған азамат туралы айтты

2019 жылдың 12 қыркүйек 2019 19:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімдігі «Арқар» көпірінен секірмек болған ер адамға қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1991 жылы дүниеге келген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Рүстем Ережепов есімді азамат көпірден секірмек болған. Отбасылы, 2 баласы бар. Дені сау, ешқандай құқыққорғау органдары мен медициналық мекемелерде тіркеуде тұрмайды. Аталған азаматтың тұрақты жұмысы болған, кейін шығып кеткен. Бұған дейін қалалық әкімдікке 2-3 рет өз өтініштерімен жүгінді. Атап айтқанда, тұрғын үй және жер алу мәселелері бойынша. Әкімдік өз тарапынан демеушілердің көмегі арқылы оның сұрақтарын шешкен болатын. Соңғы рет 9 қыркүйек күні азамат әкімдікке келгенде «Еңбек» бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан облысына көшу туралы келіссөз жүргізілді. Яғни, онда Ережеповтің тұрғын үй және жұмыс мәселесін шешу де қарастырылған», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді.

Сондай-ақ, қалалық әкімдік өкілінің айтуынша, аталған азаматтың 1 млн 300 мың теңге көлемінде 6 несиесі бар.

«Біз бұл азаматпен «Еңбек» бағдарламасы аясында барлық сұрақтарды шешіп, тек құжаттарды реттеу ғана қалған. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін тиісті құжаттарды тапсырмады. Ал бүгін көпірден секіремін деп дүрліктірді. Қазіргі уақытта азамат Ережеповпен құқыққорғау органдарының мамандары жұмыс істеп жатыр. Ол нәтижесі туралы қосымша хабарланатын болады», -деді ол.

Айта кетсек, аталған азамат бүгін түс уақытында Сарайшық көшесінің бойында орналасқан «Арқар» көпірінен секіруге әрекет жасаған еді.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Оқиға, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай