Ауа райы
Нұр-Сұлтан 10 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Абаев: Жаппай декларациялау - жемқорлықпен күресте салмақты құралға айналары анық

2019 жылдың 14 наурыз 2019 21:38 964

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жүргізілгелі жатқан жалпыға бірдей декларациялау процедурасынан бизнес пен қарапайым азаматтарға үрейленудің қажеті жоқ. «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақта болған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жалпыға бірдей декларациялауға қатысты осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы министрлігі қазіргі уақытта жаппай декларациялауды кезең-кезең бойынша жүзеге асыру амалдарын қарастырып жатыр. Оның нақты қашан басталатыны әзірге талқыланып жатыр. Ешкім де бәрін бір сағатта жүргізе салғалы отырған жоқ. АҚШ-та декларациялау жүйесі 40 жылдан бері бар. Барлық деңгейдегі шенеуніктер қаржылай жағдайы туралы декларация тапсыруы керек. Бұл бағыттағы жұмыс (АҚШ-та) экономиканың ашықтығын қамтамасыз етуде және салық түсімін арттыру бағытында орасан зор нәтижеге қол жеткізуге жол ашты. Жалпыға бірдей декларациялау қазіргі әлемдегі қалыпты процедура», - дейді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуына қарағанда, бизнес пен қарапайым азаматтарға үрейленудің еш реті жоқ.

«Одан бөлек, жаппай декларациялау - жемқорлыққа қарсы күресте салмақты құралға айналары анық. Бұл ретте декларациялауға шенеуніктердің өзі ғана емес, оның жақын туыстары да қамтылатын болады. Сонымен қатар, жалпыға бірдей декларациялау халықтың аз қамтылған бөлігін анықтауға сеп болады. Демек, бұл ретте атаулы әлеуметтік көмекті де, мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін жақсырақ бөлуге де үлесін тигізеді», - дейді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев еліміздегі жалпыға ортақ декларациялау жұмысына дайындық қалай жүріп жатқанын айтып берген болатын.

 

 

 

 

Жоғары қарай