Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Abai175: Джеки Чан Абай өлеңін жатқа оқып, флешмобқа үн қосты

2019 жылдың 23 қыркүйек 2019 13:36

ГОНКОНГ. ҚазАқпарат - Танымал актер Джеки Чан қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдығына арналған флешмобқа қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Қазақстан Президенті бастаған поэтикалық челленджді досым Ерлан Қариннен қабыл алдым», - дейді Джеки Чан.

Ол Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Ерлан Қарин мен Джеки Чан биыл сәуір айында кездескен болатын. Ол кезде актер Сириядағы қазақстандықтарды құтқару туралы деректі фильмді тамашалаған.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жасар мектеп оқушысының эстафетасын қабыл алып, оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді.

Осылайша, поэзия эстафетасын Игорь Крутой, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Ресейдің шоу-бизнес өкілдері, Ақтөбенің әкімі Оңдасын Оразалин, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Талғат Теменов жалғастырып әкетті.

Ұлы бабаны ұлықтау бастамасына Әзербайжан, Түркия, Ирак, Татарстаннан ниеттес ағайынның атсалысқаны қуантады. Жыр эстафетасының географиясының кеңіп, Еуразия кеңістігінде кең тарауына әзербайжандық танымал журналист Аида Эйвазова, түркиялық Yakup Ömeroğlu үлес қосқанын ерекше атап өту керек. Alibaba Group интернет-корпорациясының негізін қалаушы, миллиардер Джек Ма да ақын өлеңін оқып, флешмобқа үлес қосты.

Бүгінге дейін челендж аясында 6000-нан астам ролик жазылып, 10 мыңға жуық #Абай175 немесе #Abai175 хештегі тараған.

Оның 70,4 пайызы - Facebook, 15,7 пайызы - Instagram желілерінде жарық көрген.


Басты сөздер: #Аbai175, Әдебиет, Мәдениет, Қытай,
Жоғары қарай