Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

Абайдың сөздері келешекпен де үндесіп жатыр – профессор Ақсерік Әйтімов

2020 жылдың 29 қаңтар 2020 15:13

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Абайдың сөздері бүгінгі заманмен де, келешекпен де үндесіп жатыр. Осы орайда профессор, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ақсерік Әйтімов өз ой-толғамын былайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

-Біз ХХІ ғасырда өмір сүрудеміз. Болашаққа баратын көш-керуеніміз қандай болмақ? Әлем елдері қарқынды экономикасымен, өзгелерге үлгі болатын мәдениетімен бәсекеге түсіп жатқанда, біз де дамудың даңғыл жолынан шығып қалмай, өркениетке ұмтылуымыз шарт, - деді ғалым.

-Ақсерік Сарыұлы, жалаң экономикалық даму ха­лық­тың рухани, мәдени сұра­нысын толық қанағат­танды­ра алмайтыны анық. Бұл ретте әр елдің, әр халықтың арқа сүйейтін ұлы ой­шылы, танымал тұлғасы болады. Ендеше, халқымыз үшін орны айрықша Абай хақында не айтар едіңіз?

-Иә, ұлы ақынымыз өлең­­дерінде және қарасөздерінде елдің, халықтың алға басуына қажетті бағыттар­ды атап көрсетеді. Кемшіліктерді өткір сы­нау арқылы адамдарды жағымсыз мінез-қы­лық­­тар­дан арылуға үгіттейді. Абай шы­ғарма­лары әдеби туынды болуымен қа­тар, жол сілтеуші, ақыл-кеңес беруші қа­сиеттерімен құнды. Осы тұрғыдан алған­да, жаңа даму жолына түсіп, жаңғыру процесін өткеріп жатқан тәуелсіз мем­лекетіміз үшін Абайдың қағидалары ауадай қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақа­ласында елімізді дамыту үшін ұлы ақынның парасатты пайымдарына терең үңілуіміз қажет екендігін алға тартады. Өйткені Абай сөзі еш уақытта өзектілігін жоймақ емес. Президент «Абай сөзі ұрпақ­тың бағыт алатын темірқазығына ай­налуы қажет» деп ақын мұрасының дәл қазіргі уақытта, іргелі ел боламыз деп жатқан тұста қаншалықты маңы­зы зор екенін атап өткен.

-Қай қоғамға да еңбек ететін, тәртіп пен тыныштықты сақтайтын, ынтымақ­та өмір сүретін халық керек. Біздің мем­лекет те заман талабына жауап бере алатын, асыл қасиеттерді санасына, жан дү­ниесіне сіңірген адамды қалыптасты­ру міндетін алға қойып отыр. Осы мақ­сат­ты жолда ұрпақ өнегесіне көңіл бөлу үшін Абай шығармаларындағы адамгершілік құндылықтарға назар аударғаны­мыз жөн дейсіз ғой?

-Әрине, оған сөз бар ма! Ақын, ағартушы, ұлы Абайдың:

«Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та бар қалан», – деген үнде­уінде «сол сүрлеуі жоқ заманның өзінде ұр­пақтың жолын ашып, бетін түзеп, әр адам өмірден өз орнын табу­ға ұмтылуы тиіс» деген түйінді ойдың жатқаны анық көрінеді.

«Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан» деген пайымында жас ұрпаққа «тағ­дыр жолын таңдауға келгенде оған жеңіл-желпі қарай салмай, өмірдегі ба­ғытыңды дұрыс таң­да, еңбек етіп, өзің­ді жетілдіре бер, мақсатыма жетемін десең, білім мен ғы­лымнан жиған жүгің салмақты, толымды болсын» деген ұлағат жатыр.

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен қайратың екі жақтап»,– деген жолдарда әр адам өз бойындағы ақыл, қайратына жүгіну керектігін және оның себеп-салдарын ұғындырып береді.

Абай он жетінші қара сөзінде адам бо­йындағы асыл қасиет­тер­дің жинақтаушысы үшеу: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек деген тұжырым жасайды. Қай­рат, ақыл, жүрек үшеуінің айтысын беру арқылы өлең жолдарында өрілген ойды кемелдендіре түседі. Адам санасын оятып, ой салудың бұл да бір таптырмас тәсілі. Халықтың кө­зі ашы­лып, көкірегіне сәуле түскен сайын ұр­пақ тәрбиесі басты мұрат­тың біріне айналары сөзсіз. Мұндайда та­ғы Абайды із­дейміз, Абайға қол созамыз, иек арта­мыз, оқыған сайын жаңалық табамыз, тамсанамыз, таңырқаймыз.

-Абай сөздері біздің алдымызда күн сайын жол сілтеп тұруы тиіс дейсіз ғой?

-Оның ешқандай артықтығы жоқ. Абайдың рухани мұрасына ден қою арқылы өмірге, қоғамға ойлана қарайсың. Адамның тағдыры да бұралаңы мен бұл­тарысы, ойы мен қыры, жазығы мен өрі алмасып отыратын даланың жолы іспет­тес. Осы ұзақ жолда тоқ­тап қалмау үшін, сүрініп кетпеу үшін өз бойыңдағы ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жы­лы жүрегіңе се­нім артасың. Мұндай қасиет­терге жүгіне алма­саң, замана көшіне ілесе алмай, көш соңында қалатының сөзсіз. Ендеше, Абай аңсаған ұрпақ та терең ойлы, «Жетпесе бірінікін бірі жеткізетін» қайырым­ды, иманды, инабатты ұл мен қыз. Олар ұста­натын қағиданы да Абай жүрек саумалындай сұрыптап айтып кеткен. Мысалы:

«Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде,

Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме».

«Кемді күн, қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!

Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!»

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге».

«Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез».

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста».

«Жүрегі жұмсақ білген құл,

Шын дос таппай тыншымас.

Пайда, мақтан бәрі – тұл,

Доссыз ауыз тұшымас».

«Досыңа достық – қарыз іс

Дұшпаныңа әділ бол».

«Ақырын жүріп, анық бас»

«Бұл сөзді біреу ұқпас, біреу ұғар», – деп кеудесінде сәулесі бар жандарға «тіл ұстартып, өнер шашып» кеткен абыз, ақыл­гөй Абай адам атын асқақтататын қасиет­терді айтып, тебірене толғанады, жаны жаншылып, жамандықпен алысады. Өктемдік­тің өткір желіне төтеп беріп, ұрпақты өз заманының аяр саясатынан аластап, парасат биігіне, адалдыққа, абзал кісілікке шақырады.

«Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек».

«Татулық, талапты, шыдамдылық

Бұл қайраттан шығады, білсең керек».

«Бойда қайрат, ойда көз,

Болмаған соң, айтпа сөз»

«Адамзатқа не керек:

Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек».

«Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз».

«Жүректің ақыл – сауаты»

«Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да қуғанға», – деген сияқты ой түйіндері даналықтың дария теңізіне жетелейді.

-2019 жылдың елімізде жастар жылы ретінде өткені мәлім. Биыл еріктілерге кезек келіп отыр. Абайдың сөздері осы жастар үшін де өзекті ғой?

-Біздің ойымызша, ең алдымен жастарымыз Абайды оқып, тәлім, тағылым ала білуі тиіс. Өйткені біздің болашағымыз осы жастарда. Олар ар ілімін меңгеріп, Абайша толғанып, әр қадамын байыппен жасай білсе, халқымыз да, сөз жоқ, алға басады. Өйткені Абай өзінің жүректен шыққан жауһар сөз­дерін, жан сырын жастарға арнайды. Со­лардан үміт күтеді, аталы сөзбен адамдық­тың асқар биігіне шығу қажеттігін айтады. Жетінші қара сөзінде «ішсем, жесем, ұйық­тасам деген тән құмарлығы мен білсем, та­нысам, көрсем деген сәбидің табиғи талпынысын» айта келіп, жан құмарлығының қуатын өрбітпей, тәнге бас ұрғызған хайуандық сезімді қатты сынға алады. Көзбен көріп, танып, біліп, өрісті ұзартып, жан азығын толтыруды құптайды.

Гуманист, ойшыл, ағартушылық деңгей­ге көтерілген ақын өсер ұрпаққа өнегелі сөз айтып, өмір ережесін, тәрбие тағылы­мын ұсынады.

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой» – деп бес асыл қағиданы анықтап береді.

Ұрпақ жанына осылайша жақсылықтың дәнін сеуіп, әр істі ақылға жеңдіріп, шын­дыққа жүгінуге шақырады. Жас ұрпақты мақтаншақ, өсек, өтірік, еріншектік, мал шаш­пақ сияқты кеселді мінезден бездіре­ді, жирендіреді. Сонда ғана ұрпақ жаны игі істерге ұмтылып, дүние ғылымын үйрену­ге бет бұратынын, оған апаратын жол ең­бек екенін жеткізеді. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізді алға жетелеу үшін де әр аза­маттың Абайдың осы қағидаларын ұдайы есте ұстағаны абзал.

«Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған».

«Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын».

«Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей», – деген сияқ­ты түйдек-түйдек, түйінді, өткір, келелі ойлары түйсігі мол жанның санасына сіңіп қалатыны белгілі.

Ұлы Абай жүрегі – айна, көңілі ояу ұр­пақтан үміт күтті. Осы орайда:

«Еждиһатсыз, михнатсыз

Табылмас ғылым сарасы» – деп білім мен ғылымның да үлкен еңбекпен келетінін ескертті.

Ең бастысы, кемеңгер Абай өсиеті арқы­лы жастардың санасында қоғамдағы әлеу­меттік-мәдени ортамен үйлесімді байла­ны­сын, ішкі жан дүниесіндегі мәдениеттілі­гін, білімге, ғылымға, еңбекке құмарлығын және еркіндік, тәуелсіздік, тағаттылық, ақыл, ерік, сенім, асыл сөз, махаббат, ар-намыс, абырой, кеңпейілділік, жомарттық сияқты қасиеттер мен ұғымдарды қалыптастыра алсақ, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласындағы Ұлы Абайдың адам болу арманын орындауға қосқан үле­сіміз деп ойлаймын.


Жоғары қарай