Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 408.61
EUR 454.09
RUB 5.86
CNY 57.28

Әбілқайыр Сқақов «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы болып сайланды

2020 жылдың 18 ақпан 2020 21:10

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Әбілқайыр Сқақов «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңа басшы Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен өткен партияның өңірлік филиалының кезектен тыс конференциясында сайланды.




Жұмыс сапарының барысында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасарымен бірге аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов та болды. Бірінші кезекте олар Новочерноярка ауылына барып, орталықтандырылған жылудың жоқтығына шағым айтқан тұрғындармен кездесті. Тұрғындардың айтуынша, Новочернояркада 16 көппәтерлі тұрғын үйде пәтерлер ішіндегі пешке көмір жағу арқылы жылытылады.




Ауылда қазандықтың құрылысын жүргізіп, оның жылу желісіне тағы да бес әлеуметтік нысан: мектеп, балабақша және дәрігерлік амбулатория қосу жоспарланып отыр.

– Осы жобаның жүзеге асырылуын «Nur Otan» партиясының бақылауына алынды, – деп атап өтті Бауыржан Байбек.




Бұдан кейін Бауыржан Байбек полипропилен мен метил-трет-бутил эфирін шығаратын «Нефтехим LTD» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Тараптар әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы мәселелерді талқылады.

– Қазіргі кезде Павлодар облысы еліміздің өнеркәсіп пен энергетика саласындағы көшбасшыға айналды, – деді Бауржан Байбек. – Елбасының бастамасы бойынша құрылған индустрияландыру бағдарламасының арқасында өңірде мыңдаған жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамтумен қатар, еңбек етудің жайлы және қауіпсіз шарттарын қалыптастыру қажет. Ол үшін бастауыш партия ұйымдары кәсіподақтармен бірлесіп, кәсіпорындардың басшылығына қызметкерлердің шағымы мен өтінішін жеткізуі тиіс. Ешбір мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл дегеніміз - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын іске асыру.




Партия делегациясы соңғы бірнеше жыл бойы жерасты суы басу қаупі бар Екінші Павлодар ауданында да болды. Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша проблеманы шешу үшін кәріз желісі тартылып жатыр. Бауыржан Байбек партияластарына бұл жұмысты бақылауға алып, желінің сапалы тартылуын қадағалауды тапсырды.




«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында партия басшысы бірінші орынбасарының төрағалығымен XXIX кезектен тыс конференция өтті. Конференцияда аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов партияның облыстық бөлімшесінің басшысы болып сайланды.

Бауыржан Байбек жаңа төрағаның жетекшілігімен павлодарлық партиялықтар тұрғындар мәселесін шешуді жалғастырып, өңірде жүзеге асырылатын жобаларға сапалы бақылау жүргізетініне сенім білдірді.





Жоғары қарай