Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

«Әбіш әлемі» театр фестивалі «Күй» туындысымен ашылды

2019 жылдың 11 қазан 2019 19:56

АҚТАУ. ҚазАқпарат - «Abish alemi» бірінші халықаралық театр фестивалінің шымылдығы абыз жазушының «Күй» повесі желісімен қойылған спектальмен ашылды. 1 сағат 20 минутқа созылған премьераны Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының ұжымы сахналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көршілес екі ел арасындағы өшпенділік. Дау мен кек. Мәңгүртке айналған тұтқындар. Қойылым желісі осылай өрбиді. Спектакльден көрермен қилы замандарда өмір сүрген халықтың тағдырын көре алады. Бір ерекшелігі, қойылым жазушының бірнеше шығармасын біріктірген.

«Әбіш Кекілбайұлының «Күй» повесінің желісімен қойылған. Оған және «Аңыздың ақыры» романының, «Ақсақ темірдің», «Шебердің» сюжетін қостық. Жанры драма деуге келеді. Мен иллюстрация деп атадым. Өйткені кітап оқығандай әсер береді. Кекілбаевтың сөзін жоғалтпай, сахнадан айтып тұрмыз»,-дейді режиссер Гүлсина Мерғалиева.

Театр ұжымы спектакльді сахналауға бірнеше ай дайындалған. Премьераға алыс-жақыннан келген меймандардың қошеметі зор болды.

«Актерлік шеберлік, спектакль декорациясы, сүйемелдеген әуендер өте мықты болды. Сауатты қойылған. Режиссерлік жағынан үздік шыққан. Жалпы біз, Тбилиси қаласындағы Әзербайжан мемлекеттік театрының ұжымы Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмыз. Антон Чеховтың «Аю» спектаклін ұсынамыз»,-дейді Әзірбайжан мемлекеттік драма театрының режиссері тургаи Велизаде.

«Әбіш әлемі» театр фестивалі алғаш рет халықаралық деңгейде өтуде. Шараға Армения, Грузия, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан елдерінің театрлары қатысуда.

«Осыдан 2 жыл бұрын республикалық фестиваль болды. Енді халықаралық деңгейге шықты. Қуаныштымын. Қазақ үшін үлкен той. Жаңа « Күй » спектаклін көрдік. Ізгілік пен шындықты бейнеледі. Әлемді не құтқарады, шыныменде адамды таза ниет құтқарады. Жер бетінде жүргенде ізгілік керек»,-дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл.

4 күнге созылатын фестивальде әр елден келген өнер ұжымдары 10 спектакльді сахналайды. Күн сайын сағат таңертеңгі 11, түскі 3, кешкі 7-де Н. Жантөрин атындағы драма театрда қойылымдарды тегін тамашалуға болады.




Жоғары қарай