Ауа райы
Астана -26 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

Әбіш Кекілбайұлының мерейтойы туған жерінде аталып өтті

2019 жылдың 13 қазан 2019 17:06

МАҢҒЫСТАУ. ҚазАқпарат – Абыз жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы туған жерінде де кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шараға 3 мың адам жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әбіш Кекілбайұлы Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау ауданына қарасты Онды ауылында дүниеге келген. Жазушының туған ауылына жиналған қонақтар, алдымен «Ай-Ана» мемориалдық-ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Ай-Ана» кешені ел аналарының құрметіне, Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анаға арнап тұрғызылған.




Меймандар Әбіш Кекілбайұлы білім алған Онды орта мектебінде болып, білім ошағының тарихымен танысты. Арнайы ұйымдастырылған танымдық шараларды тамашалады. Мектепте «Әбіш оқулары» республикалық байқауы жыл сайын өткізіліп тұрады.




Мерекелік шаралар аудан орталығы Шетпе ауылында жалғасты. Орталық алаңда «Әбіш ауылы» киіз үй-қалашығы бой түзеді. Қаз-қатар 30 киіз үй тігіліп, үш мыңға жуық адам жиналды. Аудан тұрғындары мен қонақтар астан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады.




Маңғыстау ауданында өткен мерекелік кеште Қазақстанның әр аймағынан жиналған сазгерлердің Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсыноваға арнап шығарған әндері шырқалды. Оған Жамбыл облысынан «Фариза жан» әнінің авторы, ҚР мәдениет саласының үздігі Әбиірбек Тінәлі, Алматы қаласынан қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Әлқожа, Қызылорда облысынан композитор Жақсыгүл Бегманова, Ақтөбе облысына Марғұлан Құлмағанбетов және маңғыстаулық ақын-сазгерлер қатысты.







Маңғыстау аудандық мәдениет үйінде Маңғыстау облыстық филармониясы әртістерінің қатысуымен «Мұнартау» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Шарада абыздың «Махамбет толғауы», «Қаратау» «Құз басында құлжа тұр» сияқты өлеңдері мақам сазбен әдептеліп, жыр түрінде ұсынылды, арнайы жазылған әндер орындалды.

Жазушының 80 жылдық мерейтойын мәдениет үйінде өткен жазба ақындар мүшайрасы қорытындылады.

Жоғары қарай