Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Ағаштан картина жасауға қызығатын жастарды таппадым – шебер

2019 жылдың 20 қазан 2019 13:42

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Шебер Қыдырбай Наушабаев бір жылда екі ғана туынды жасап шығарады. Темір ұстасы болып жұмыс істейтін ол қолөнерге қызығатын шәкірт таба алмай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында тұратын шебер Қыдырбай Наушабаевты танитын адам аз. Себебі ол кәсіби шеберлер секілді бұйымдарын мол жасап сатпайды, бір ғана ағаштан жонған туындыларын кәсіп етпейді. Ол әкесінің ағаш жонып, тұрмысқа қажетті дүниелер жасап жүргенін көреді, қызығады, өзі де машықтанады. Бесік, сандықтың жасалу жолын біліп өскен ол Мәскеу өнер университетіне түсіп, үш жыл білім алды. 90 жылдары Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде тұрмыс қамымен жүрген Қыдырбай Наушабаев отбасына көңіл бөліп, бала-шаға асырырау жолымен вахталық әдіспен жұмысқа орналасты. Ағаштан қазақтың біртуар азаматтарының бейнесін жасап шығарған ол бірер туындысын қабырғаға іліп қояған. Шаң басқан өнерін арада 20 жыл өткен соң қайта қолға алған.

«Мен 20 жыл бойы қара жұмыс істеп, өнерге ден қоя алмадым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел тұрмыс қамын ойлап, күн көруге көшті. Ал қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс болмаған еді. Қазір вахталық әдіспен жұмыс істеуді қойып, бір жылдан бері ағаш жонуға көштім. Абылай хан, Нұрпейіс Байғанин, Амангелді Иманов, Абай Құнанбаев, Құрманғазы секілді біртуар азаматтардың бейнесін сомдағанды ұнатамын. Өзім шеберлермен байланыс орната алмадым. Ақтөбеде дәл осындай жолды таңдаған шеберлерді көрмедім», - деді Қыдырбай Наушабаев.




Шебер ағашты базардан сатып алып, қараңғыда кептіреді. Міндетті түрде 3-4 жыл қараңғыда, құрғақ жерде сақталуы тиіс. Кептіру технологиясы дұрыс сақталған ағаш су тигенде пішінін өзгерпейді. Қыдырбай Наушабаев базарға бір барғанда 10 дана ағашты кестіріп алады. Кейін кептіріп, сақтап қояды. Бір сәтте екі туындыны қатар бастайды.

«Бұл адамның жанын, ойын тынштандыратын жұмыс. Сондықтан біркелкі жұмыстан жалыққан кезде ағашты қолға аламын. Қазір өзім көлік жөндеу орталығында темір ұстасы болып жұмыс істеймін. Ағаштар мен қажетті құрал-жабдықтардың бәрін жұмыс орнына әкеліп қойдым. Себебі үйде жасауға мүмкіндік жоқ, шашып отыра да алмаймын», - деді ол.

Шәкірт тәрбиелеуді, білгенін үйретуді ойға алғанымен бұл салаға қызыққан жастар кезікпеді. Білек түріп келгендері уақыт пен шыдамдылықты қажет ететін жұмысқа үйренісе алмады.




«Алдыма келген жастарда қыр-сырын айтып, мирас етіп қалдырғым келеді. Бірақ келмеді, үйренбеді. Кейбірі келіп, шыдамай кетіп қалады. Бұл ойды, шығармашылық ізденісті қажет етеді. Мәселен мен Құрманғазының суретін жонуды бастадым. Оны бір жыл бойы жасап шығарамын. Яғни, әрбір деталін жасағанда ойланамын, кейде адамдардан ұқсастық іздеймін. Құлағын шығарған кезде адамдардың құлағым ұстап көремін. Шынайы болуы үшін автобус ішінде келе жатқанда да жұрттың жүзіне қарап жүремін. Ақындар қойын дәптері мен қарындашын алып жүрсе, мен ойға түйіп аламын», - деді ол.

Кейбір адамдар өз портретін жасап беруге ұсыныс айтады. Бірақ шебер қазақ халқына еңбегі сіңген адамдардың бейнесін жасап шығуды мақсат еткен.

«Сапалы сурет табу қиын. Сондықтан мектеп оқушыларының оқулықтарын қарап жүремін. Тағы бір әдетім – ескі дүниелерді лақтырмаймын, жинап жүремін. Қолымнан келсе жөндеп, кәдеге жаратамын. Мәселен, ескі сағат, теледидар, радио жұмыс істеп тұр», - деді Қыдырбай Наушабаев.




Ақтөбе облысындағы барлық музейдің байланыс телефонын алып, қолөнер шеберлерінің көрмесі болса шақыруды сұраған. Әзірге тек ұйымдастырушылардың өзімен байланысқанын күтумен келеді. Бір рет орталыққа шығып, көрмеге қатысқан кезде ұсыныстар болатынын айтқан адамдар байланыс нөмірін де жазып алған. Бірақ шебер өз туындыларын сатпайды, кейде көңілі қалаған адамдарға тегін береді.

Жоғары қарай