Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Агроөнеркәсіпте субсидия мен несие беруді толықтай қайта ұйымдастыру қажет - Төлеутай Рахымбеков

2020 жылдың 24 қаңтар 2020 20:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Агроөнеркәсіп кешені саласындағы субсидия мен несие беру жүйесін толығымен қайта ұйымдастыру қажет.

Мұндай пікірді Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің еліміздің агорөнеркәсіп кешеніне қатысты айтқан сынымен толықтай келісемін. Себебі бұл саланың қазіргі жағдайы қоғамды, мамандарды алаңдатып отыр. Шындығына келгенде агроөнеркәсіп кешені экономикамыздың драйверіне айналуы тиіс. Ал ол үшін агроөнеркәсіп кешенінің ішкі жағдайын қалыпқа келтіру, субсидия, несие беру жүйелерін өзгерту қажет. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы 1999 жылға дейін әжептәуір дағдарысқа ұшырады. Жаппай жекешелендіру болған кезде бұл саланың көрсеткіші төмендеп кетті. Егістік алқаптардан алып отырған өнім көлемі 2 есе, мал басы 2-3 есе төмендеді. 1999-2000 жылдардан бастап мемлекет экономикасының, бюджеттің жағдайы жақсарғаннан кейін ауыл шаруашылығына қомақты көмек көрсетілген еді. 2003-2005 жылдары ауыл үшжылдығы қолға алынып, ауыл-аймақтарды дамыту бағдарламасы бекітілген болатын. Біраз, көмек көрсетіліп, жағдай жақсарған болатын. Өкінішке қарай, 2011 жылдан бастап Президент айтқандай, бұл салада түрлі сынақтар, реформалар жасалды. Шетелден ірі қара мал әкелеміз, экспортқа 60 мың тонна ет шығарамыз деп орынсыз реформаларға ұрындық. Әлі күнге соған жабысып келе жатқан адамдар бар», - деді ол.

Оның айтуынша, ең алдымен іші нарықты, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету қажет.

«Экспортқа 60 мың тонна ет шығарамыз дедік. Ал мамандардың айтуынша, ішкі нарыққа 100 мың тонна ет жетіспейді. Ол не үшін жетіпсей отыр? Шұжық, ет қалбырларында импорттың үлесі 60 пайызға жетіп жығылады. Ол неге жоқ? Ол біздің ет өңдейтін кәсіпорындардың қолынан келмей ме? Келеді. Бірақ, солардың қуаттары қазіргі күні 40 пайыз ғана пайдаланылып отыр. Себебі не? Ет жетіспейді. Ал оған Бразилия, Австралия, Аргентинадан ет әкелуге мәжбүр», - деді Төлеутай Рахымбеков.

Төлетау Рахымбеков агроөнеркәсіп кешеніне күрделі түрде реформа жасау қажет деп есептейді.

«Бүгінде ауыл шаруашылығына жетіспей отырғаны - инфрақұрылым, қызмет көрсету саласы. Ауыл шаруашылығы өсімдік және мал шаруашылығымен ғана шектелмейді. Үшінші қызмет көрсету саласы бар. Бұл - шаруалар өндірген өнімді сатып алып, сақтап, бастапқы қайта өңдеуден өткізіп, тұтынушыларға жеткізіп беретін сала. Бұл бір бөлігі. Екінші бөлігі - қызмет көрсету, яғни ветеринария, азық-түлік әзірлеу, тыңайтқыш жеткізу, тұқым әзірлеу, механикаландыру, суармалы жерлерге су жеткізу. Міне осы салалар бізде жетіспейді. Бүгінгі күні шаруалар өнімді де өндіруі керек, осы мәселелерді де атқаруы керек», - деді ол.

Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені саласындағы субсидия мен несие беру жүйесін толығымен қайта құрастыру керектігін айтады.

«Фермер аудан, облыс орталығына барып, елордаға келіп сандалып несие, субсидия іздемеуі керек. Яғни, мұның бәрін тікелей фермерге, далаға жеткізіп беру қажет. Ол үшін фермердің басы ауырмауы тиіс. Меніңше, субсидияның 3 әрі кеткенде 5 қана түрінің болғаны жөн. Несиенің айналым ақшаға және жабықтар мен техникаларды сатып алуға ғана екі түрі болуы қажет. Мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болғаны жөн. Бүгінгі күні өкінішке қарай, фермелердің 2-3 пайызы ғана мемлекеттік қолдау алып отыр. Мәселен, жанар-жағармайды көктемде арзандатылған бағамен таратамыз дейді. Сол жеткізілген жанар-жағармайды бірден сатып, құйып алу қажет. Ал жанар-жағармайды бірден қотара сатып алып, құйып алуға ірі кәсіпкер, фермердің ғана шамасы жетеді», - деді.

Оның дерегінше, елімізде 260 фермер, 16,5 мың заңды тұлғалар бар. Бірақ олардың жағдайы барлары не бәрі 2-3 пайызды құрайды.

«Президент ауыл шаруашылығы саласына салық салу мәселесіне де тоқталды. Мұны да жақсылап қарастыруымыз керек. Меніңше, ауыл шаруашылығы саласы үшін қосылған құн салығын толық жою қажет. Мәселен, делдардар шаруалардан өнімін сатып алып, базарға әкеліп саудалайды. Ал олар заңды түрде алайын десе 12 пайыздық салық салмағы бар. Біз осы салықты жоюдың орнына сол салықты субсидиялау тетігін қосамыз. Мұндай тетіктер сыбайлас жемқорлыққа бастайды. Айталық, астықты, ұнды экспортқа шығарғанда бюджет сол салықты қайтару керек. Салықты қайтару кезінде сыбайлас жемқорлық орын алып жатады. Мұның барлығының қажеті қанша? Меніңше, мемлекет, Үкімет, Парламент болып азық-түлік нарығын, азық-түлік бағыттарының айналым нарығын толығымен қосылған құн салығынан босату туралы Салық кодексіне өзгертулер енгізу қажет. Сонда жемқорлық та, көлеңкелі экономика да болмайды», - деді ол.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Ауыл шаруашылығы,
Жоғары қарай