Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Ақмола облысында Абайдың 175 жылдығына орай мыңнан астам шара өтеді

2020 жылдың 23 қаңтар 2020 22:30

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай өткізілетін іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға арналған брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шарада аймақ басшысының орынбасары Айна Мысырəлімова қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, философ Абайдың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде өтетінін атап өтті.

«Осыдан бірер күн бұрын елордада Абай жылына арналған іс-шаралар басталды. Біздің облыста бұл шараға дайындық өткен жылы қолға алынды. Облысымызда өткізілетін іс-шаралардың жоспары жасалып, бекітілді. Шараға мемлекеттік органдардан бөлек, қоғам өкілдері де тартылады», - деді Айна Мысырәлімова.





Ақмола облыстық мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова өңірде мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланғанын айтты.

Оның айтуынша, Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар шымылдығын Біржан сал ауданында «Абай даналығы сал-серілер мекенінде» атты әдеби-танымдық жобамен ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, қаңтар айының соңында облыс орталығында Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚАЗ ҰӨУ «Жастар» студенттік хорының, К.Күмісбеков атындағы ұлттық аспаптар оркестрі және орындаушыларының қатысуымен «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Ал, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова облыстық дарынды балаларға арналған №3 мамандандырылған мектеп-интернатына Абай есімін беру және жаратылыстану-ғылыми бағыттан гуманитарлық бағытқа ауыстыру туралы ұсынысы енгізілгенін атап өтті.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Айгүл Жақыпова Абай орталықтарын ашқан Беларусь және Әзірбайжан университеттері тәжірибе алмасу жоспарда барын айтты.

«Бүгінгі таңда бұл университеттермен тығыз байланыс орнатылған. Мәскеудің лингвистикалық университетімен келіссөздер жүргізілуде. Ондағы мақсат-Абайдың мерейтойын шетелде насихаттау», - деді Айгүл Жақыпова.

Сонымен қатар, брифингте айтылғандай, «Ұлы Абай – нар тұлға» ақындар айтысы, халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы, ҚР Еңбек сіңген әртісі Кенжеғали Маржықпаевтың концерті, Абай көшесінің бойында Open air форматындағы фестиваль тәрізді бірқатар шаралар қарастырылған.





Жоғары қарай