Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Ақмола облысында тағы екі жел электр стансасы іске қосылады

2019 жылдың 18 маусым 2019 21:28

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында биыл жаңадан тағы екі жел электр стансасы пайдалануға беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, Ақмола облысында да күн және жел қуатынан энергия өндіретін электр стансасын салу бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Елімізде 2023 жылға қарай баламалы көздерден өндірілген энергия үлесінің көлемі 45 пайызға кем болмайтындығы болжанып отыр.


«Облыс бойынша желдің өтінде орналасқан Ерейментау ауданында еліміздегі ең үлкен жел электр стансасы жұмыс істейді. Целиноград ауданында қуаттылығы 100 МВт күн электр стансасын салу жоспарда бар.

Ағымдағы жылы екі ЖЭС жобасы жүзеге асырылады. Оның бірі -Көкшетаудың іргесіндегі қуаты 3,75 МВт «Ветро Инвест Көкшетау» ЖШС-ның жобасы болса, Аршалы ауданындағы қуаты 50 МВт (болашақта 100 МВт дейін) екінші жобаны «ЦАТЭК Green Energy» ЖШС қолға алады. Бұл екі жобаны да ағымдағы жылдың 3 тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Аталмыш жобалардың инвестициялық құны 153 миллиард теңгеге бағаланып отыр», - деп атап өтті Иван Юрченко.

Жоғары қарай