Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Ақмола облысында тұрғынға дөрекі сөйлеген әкім жазаланды

2019 жылдың 23 мамыр 2019 21:05

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста Атбасар ауданындағы Ақан Құрманов селолық округінің әкімі Алтынай Біләлова мен Есіл ауданының Интернациональный селолық округінің әкімі Шәрбат Рахмановаға қатысты тәртіптік істер қаралды.

Атбасар ауданының шалғай ауылында болған оқиғаның облыстық тәртіптік кеңеске жетуіне Ақан Құрманов селолық округінің әкімі Алтынай Біләлованың ауыл тұрғынына дөрекі сөйлеуі себеп болған екен. Биылғы жылдың наурыз айында өткен бір кездесуде округ әкімі сол ауылдың тұрғыны Роман Вощенкоға «жап аузыңды» деп айтқан көрінеді. Ауыл әкімінің сол бір ауыз сөзі үлкен дауға негіз болған.

Есіл ауданының Интернациональный селолық округінің әкімі Шәрбат Рахманова да бұрынғы жүргізушісіне сес көрсеткен.

«Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері ақылдаса келе, ҚР Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодескінің 5 тармағы 2, 7 тармақшаларын бұзғаны үшін Атбасар ауданы Ақан Құрманов селолық округінің әкімі Алтынай Біләловаға «қатаң сөгіс», Есіл ауданы Интернациональный селолық округінің әкімі Шәрбат Рахмановаға «қызметінен босату» түріндегі тәртіп жазаға тарту жөнінде Атбасар және Есіл аудандарының әкімдеріне ұсыныс жасау туралы ұйғарым шығарды», деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына Ақмола облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Ведомствоның мәліметі бойынша, Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында мемлекеттік қызметшілердің тәртібінен бөлек, Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды.

Жоғары қарай