Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 414.13
EUR 451.40
RUB 5.80
CNY 58.03

Ақмола облысында жолда қалған 300-ден астам адам құтқарылды

2020 жылдың 20 ақпан 2020 19:54

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында боранда жолда қалған 300-ден астам адам құтқарылды. Қазіргі кезде жағдай ТЖД жанынан құрылған жедел штаб бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, құтқарушылар жолда қар құрсауында қалған адамдардан бөлек, қар басып қалған елді мекен тұрғындарына да көмек көрсетуде.

Мәселен, Есіл ауданында Игілік ауылынан жүкті келіншекті аудан орталығындағы ауруханаға апаруға тура келді. Қар тазалайтын көліктің қалыңдығы 1,5 және 2 метрлік қарды тазалауға шамасы келмеді. Ол аздай ақ түтек боран кедергі келтірді.

«Толғағы келгендіктен келіншекті шұғыл ауруханаға жеткізу қажет болды. Ауылға жете бергенімізде өзіміз де қар құрсауында қалдық. Сол себепті келіншекті қарда жүретін көлікпен ауылдан алып шығып, жедел жәрдем бригадасына тапсырдық», - дейді Есіл аудандық ТЖБ бастығы Ержан Қаппасов.

Сонымен қатар, ТЖД қызметкерлері атап өткендей, Біржан сал ауданында да құтқару жұмыстары жүргізілді.

«Біржан сал ауданының Трамбовка ауылында соқыр ішек дертіне шалдыққан әйелді шұғыл құтқару туралы ақпарат түсті. Айтылған мекенжайға кезекші қарауыл мен медициналық қызметкер бағытталды», - дейді Біржан сал аудандық ТЖБ бастығы Біржан Қанапиянов.



Жоғары қарай