Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

Ақмола облысының кәсіпорны ұнды бірнеше елге экспорттап отыр

2020 жылдың 29 наурыз 2020 02:35

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Жақсы ауданындағы ТНК агрофирмасына кіретін «Урожай» ЖШС-ның жарма және жылдам дайындалатын сұлы қауызы өнімдеріне сұраныс жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпорын басшысы Ғабиден Бралиннің айтуынша, өндіріс орнында тәулігіне 520 тонна бидай үгетін 4 диірмен жұмыс істейді. Сонымен қатар, агрофирманың меншігінде малға қажетті құрамажем шығаратын зауыт та бар. Өткен жылы жылдық қуаты 12000 тонна түрлі жармалар мен жылдам дайындалатын сұлы қауыздарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Қазіргі замаңғы технологиямен жабдықталған кәсіпорын өнімдеріне сұраныс жоғары.

«Біздің кәсіпорында шығарылатын жоғары сапалы ұн Қазақстаннан бөлек, Ресей, Ауғанстан, Орта Азия елдері және Қытайда үлкен сұранысқа ие. Кәсіпорында жармалар мен жылдам дайындалатын сұлы қауыздардың оннан астам түрі шығарылады. Шикізаттың барлығы өзіміздікі. Сондықтан, сапаға ерекше көңіл бөлінеді», - дейді Ғабиден Бралин.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда өндірілетін ұнның он пайызға жуығы Жақсы элеваторының үлесінде. Жалпы, Ақмола облысында агронеркәсіп кешенін дамыту шеңберінде еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспорттық әлеуеттін арттыру міндетті тұр. 2019 жылы 4600 агрофирма 42,1 милллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Осының арқасында жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында ішкі өнім көлемі 515,8 миллиард теңгеге жетті.


Жоғары қарай