Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 376.72
EUR 408.67
RUB 5.76
CNY 53.68

Ақмолада мемқызметшілердің жұмыс күні «Пара алма» деген ескертуден басталады

2020 жылдың 14 қаңтар 2020 11:06

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасы бойынша Көкшетау қаласы әкімі аппаратында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс компьютерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қалқымалы хабарлама пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік аппараттың әрбір қызметкері компьютерінің жұмыс үстелінде орнатылған «Пара алма, пара берме» сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпелер сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша тағы бір шара болады.




«Біз мемлекеттік қызмет борышын өтеп жүрген әрбір адам өз жұмыс күнін бастамас бұрын, компьютерді қосқан уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша хабарламаны көргенін және әрдайым парасатты, сатылмайтын және адал қызметші болу керектігін есіне түсіргіміз келеді», - дейді департаменттің алдын алу және парасат басқармасының басшысы Бақытжан Әмірханов.

Қалалық әкімдікте қабылданған осындай тәжірибені алдағы уақытта өңірдің барлық мемлекеттік органдарына енгізу жоспарланып отыр. Айта кету керек, 20-секундтық қалқымалы ескерту әкімдік қызметкерлерінің ғана емес, Көкшетау қаласы әкімінің де компьютеріне орнатылған.


Жоғары қарай