Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Ақмолада үздік әлеуметтік жобалар анықталды

2019 жылдың 4 қыркүйек 2019 16:00

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» дәстүрлі байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты рәсімге партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов пен Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова қатысты.

Биыл жетінші рет өткізіліп отырған байқауға облыстың әр өңірінен 20 жоба ұсынылыпты. Оның ішінде өңірлік кезеңдерден кейін байқау комиссиясының шешімімен 15 жоба іріктеліп, облыстық кезеңге жолдама алған. Жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтаған Ғалым Бекмағамбетов байқауға қатысқан барлық жоба авторлары жеңіске лайық екенін айтып, мұндай байқаудың әлеуметтік, рухани және тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұл байқау әлеуметтік салада белсенділігімен көзге түскен қоғамдық ұйымдар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созған жеке азаматтарға қолдау көрсетуге, олардың еңбектерін елеп-ескеруге мүмкіндік береді, – деді Ғалым Бекмағамбетов.





Өз кезегінде облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова бұл іс-шараның қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастыру жолында игі дәстүрге айналғанын айтты.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орын «Анти дәмхана» жобасын ұсынған көкшетаулық Анар Батырәлиева мен «Шебер ана» жобасын ұсынған целиноградтық Айгүл Рақымова, екінші орын «Әлеуметтік салада еріктілер қозғалысын дамыту» жобасының авторы көкшетаулық Қалымтай Шерьязданов пен «Түзету мекемесінен жазасын өтеп шыққан азаматтарды «Киім тігу» жеке кәсіпкерлігіне жұмысқа тарту» жобасының авторы ерейментаулық кәсіпкер Равиль Хуснутдиновқа бұйырды.





Ал, бірінші орынды «Вера в добро» жобасының авторы, көкшетаулық Татьяна Спиглазова жеңіп алды. Ол 1 миллион теңгенің сертификаты мен байқаудың республикалық кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Бұдан бөлек, байқауда белсенділік танытқандар да бағалы сыйлықтармен марапатталды.





Жоғары қарай