Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Ақмолалық мемқызметші көпбалалы отбасылардың балаларына ағылшын тілін тегін үйретпекші

2019 жылдың 11 наурыз 2019 18:27

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкері Ақерке Бекахметова көпбалалы отбасылардағы балаларға ағылшын тілін тегін үйретпекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз хатшысы Жазира Тоқтарқызының айтуынша, қазіргі кезде Ақерке мемлекеттік қызметші, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелден білім алып келген маман. Оның мұндай игі іспен айналысуына еліміздегі көпбалалы отбасыларға кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің жасап жатқан қайырымды істері арқау болған.

«Соңғы кездері көптеген адамдар қолдауға мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. Біреулер пәтер сатып алып беріп жатса, басқалары балаларға сыйлықтар үлестіруде. Тіпті, көпшілігі азық-түлікпен немесе киім-кешекпен көмектесуде. Әрбіреуі қолында барын беріп, көмектерін аяп жатқан жоқ» - дейді Ақерке Бекахметова.

Бұл жағдай Ақеркені де балаларға ағылшын тілін үйретіп, болашақта олардың мол табысқа қол жеткізуіне ықпал ету сияқты мейірімді бастаманы іске асыруға итермелеп отыр.

«Мен тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан, қымбат тұратын тіл курстарынан өтуге жағдайы жоқ, бірақ оқуға құмар балаларды ағылшын тіліне үйрету бойынша әлеуметтік жобаны жүзеге асырғым келеді» - дейді Ақерке Бекахметова.

Жас маманға аталмыш жобаны жүзеге асыруда балаларға ағылшын тілінен сабақ өткізетін орынның болмауы біраз қиындықтар туғызыпты. Алайда, бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы басшылығының арқасында шешілді. Партия филиалы тарапынан сабақ өткізетін орын бөлінді.

Сабақты Ақерке аптасына бір рет демалыс күні өткізуді жоспарлауда.

Бүгінгі таңда, оның айтуынша, бар болғаны топқа балаларды жинап, тіл үйретуді бастау ғана қалды. Осыған орай ресми түрде өтінім қабылдау жарияланды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, тіл үйренгісі келетін балалар erkebek3103@gmail.com электрондық поштасына өтініш бере алады.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Ақмола облысының Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Исабеков те аудан тұрғындарына ағылшын тілін үйретіп келеді. Әкім жерлестеріне ағылшын тілінен сабақ беріп қана қоймады, тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерін де шешуге атсалысуда.




null

Жоғары қарай