Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Ақтауда Республикалық ардагерлер кеңесі өтті

2019 жылдың 12 қазан 2019 03:24

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақтауда Республикалық Ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Орталық кенестің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған ел ардагерлері абыз жазушының шығармаларын жастарға кеңінен насихаттау туралы сөз қозғады.

Кеңеске Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ардагерлерді мерейлі шарамен құттықтады. «Үлкен өмірлік тәжірибесі мен даналығы мол аға ұрпақтың жастарды рухани жағынан тәрбиелеуде, бағыт-бағдар беруде маңызы зор. Жасы ұлғайғанына қарамастан аға буын өкілдері, құрметті ардагерлеріміз облыстың әлеуметтік-қоғамдық өміріне етене араласып келеді. Олардың қажымас қайраты, азаматтық ұстанымы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге»,-деді Серікбай Өтелгенұлы.

Өңірлерден келген ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің төрағалары Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Ақсақалдар кеңесі жастарға рухани тәрбие беру, әлеуметтік мәселелер, кеңестің бұқара халықпен байланысы сынды мәселелерге тоқталып, сөз соңында аймақтарды бір-бірінен тәжірибе алмасуға шақырды.

Семинар барысында Әбіш Кекілбаевтың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұралары сараланып, насихатталуы сөз болды. Оның қайталанбас қолтаңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айтылып, көсемсөз шеберінің шығармашылығы бойынша терең насихаттар жүргізу - келешек буын мен ел ағалары алдындағы маңызды міндет екені айтылды.

«Өз басыңнан бақ ауса да, ел басынан бақ аумасын» деген сөз Әбіш Кекілбайұлының азаматтық ұстанымының айқын айғағы. Маржансөз шебері, ұлтжанды саясаткер Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын, оның жалпы мұрасын өсіп келе жатқан ұрпақтардың арасында кеңінен дәріптеу – бұл біздің бірінші кезектегі мақсатымыз болуы тиіс», - деп қорытты жиналғандар.

Айта кетейік, семинар-кеңеске Ардагерлер ұйымы Орталық Кеңесінің төралқа мүшелері мен барлық облыстық және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық ардагерлер кеңестерінің басшылары, шақырылған зиялы қауым өкілдері, Маңғыстау облысының активі, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Кеңес мүшелері үш күн ішінде Маңғыстау аудандық ардагерлер ұйымының жұмыс тәжірибесімен танысады. «Отпантау» тарихи-мәдени кешені мен өңірдегі киелі жерлерге зиярат жасайды.

Жоғары қарай