Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Ақтауда самбо және жауынгерлік самбо күресінен халықаралық турнир өтеді

2019 жылдың 3 тамыз 2019 21:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтауда өтетін Самбо және жауынгерлік самбо күресінен VI Халықаралық турнирге 200-ге жуық спортшы қатысады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық Самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңғыстау Арена спорт кешенінде 3 тамыз күні 23 жасқа дейінгі балуандар аарсында жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты, ал 4-5 тамыз аралығында Самбо және жауынгерлік самбо күресінен ерлер және әйелдер арасында Маңғыстау облысының самбо федерациясының Кубогіне арналған VI Халықаралық турнир өтпек.

Турнирдің басты мақсаты - жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, самбо мен жауынгерлік самбоны дамыту және қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыру.

«Алғашқы күндері өтетін чемпионатқа 100-ге жуық өз еліміздің самбошылары қатысса, 4-5 тамыз аралығында өтетін Маңғыстау облысының самбо федерациясының Кубогына арналған VI Халықаралық турнирге 200-ге жуық спортшы, еліміздің түкпір-түкпірінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен балуандар қатысуға өтініш білдірді. Әр облыстың мықтылары мен шетелдерде жүлдегер атанып жүрген самбошыларымыз қатысатын байрақты бәсекенің тартысты өтетіні белгілі. Жастар жылына орай ұйымдастырылып отырған шараға Маңғыстаулықтар да тыңғылықты дайын деп ойлаймын», - деді Самбодан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Қаймен Есенаманұлы.

Соңғы 2018-2019 жылдары маңғыстаулық самбошылар әлем чемпионатынан 10, Азия чемпионатынан 11 медальға ие болды. Спорт шеберіне үміткер атағын 80 спортшы алса, 14 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын қорғады. 1 спортшы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.

2018 жылы Самбодан жасөспірімдер арасында Ресей елінің Рязань қаласында өткен жарыста маңғыстаулық Нұрсұлтан Жұбатқан, Төрекен Қобланов, Дәурен Төлегенов, Абылай Қабылқақ алтыннан алқа тақты. Бұдан бөлек, маңғыстаулық самбошылар жасөспірімдер арасында Бішкекте және Бакуда өткен халықаралық жарыста бірінші командалық орынды иеленді.

Қазіргі таңда самбо спорты Маңғыстау облысында кеңінен тарап, оң нәтижелер көрсетуде. Спорт басқармасы тарапынан күрделі жұмыстар атқарылып, спортшылар саны артуда. Жан-жақтан кәсіби жаттықтырушылар да тартылып жатыр. Маңғыстауда Самбо күресінен халықаралық жарыстарда төрелік етіп жүрген экстро класс төреші Берік Жұмағалиев, халықаралық дәрежедегі төреші Жанболатұлы Айбек және Қазақстан Республикасының ұлттық дәрежедегі төрешісі Жанғали Нұрдаулетов аталған турнирде төрелік ететін болады.

Айта кетейік, осы жарыста жеңіске жеткендер спорт шебері атағына ие болады.

Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай