Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Ақтөбе базарындағы өрт: Саудагерлер шығындарын есептеп жатыр

2019 жылдың 9 мамыр 2019 14:11

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Орталық базардағы Айсұлтан павильоны түгел жанып кетті. Өрт сөндірушілер қазір бықсып жатқан шоқты сөндіру жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі Орталық базар бүгін өз жұмысын тоқтатты. Базарға кіретін бес есіктің бәрі жабылып, сатушылар сыртта жүр. Ал оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Олар өрттен соң бықсып жатқан шоқты сөндіру жұмыстарын жалғастырды.

"Базар әкімшілігі сақтандыру жүргізілгенін, сол арқылы шығын толық өтелетінін айтты. Біз алдымен сауда орнымызға кіріп, заттардың іске асатынын, жанып кеткенін бөлек есептеуіміз керек. Өзім телефонға қажетті аксессуарлар сатамын. Дабыс ұлғайтқыштарым да бар. Бар шығыным 3 миллион теңгеден асады. Үйім несиеге алынған, күйеуім екеуміз осы базардамыз. Сауда айналымын арттыру үшін жақында ғана 500 мың теңге несие алдым", - деді базарға өрт болған уақытта келген жеке кәсіпкер Айгерім Махамбетова.


null

Ал жеке кәсіпкер Айсұлу Есенаманова Айсұлтан павильонындағы жертөледе 50 миллион теңгенің тауары қалғанын айтып берді.

"Кеше ғана тауар әкелдім, өзім темекі сатамын. Қазір базарға кіре алмай, орнымыздың не болғанын көре алмай тұрмыз. Тек базар әкімшілігі кірген соң заттардың шығынын есептеуге, өтеп беруге уәде етті. Құр сөз күйінде қала ма деп қорқамыз", - деді А.Есенаманова.

Тағы бір сатушы Нұрсұлтан Абдоллаев базар ішіндегі жағдайдан бейхабар жүргендеріне ашулы.

"Менде 10 миллион теңгенің тауары бар. Бәрі сөз жүзінде айтылды. Суға кетті ме әлде өртенді ме деген сұрақ мазалап жүр. Таң атпай келдік, түске жақын әлі хабарсыз жүрміз. Өзім электр бұйымдарын сатамын", - деді ол.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері күзетті күшейткен. Базар маңындағы жолдар да жабылды. Өрт сөндірушілердің жұмысы жалғасып жатыр.

"Өткен жылы Орталық базардағы өрт қауіпсіздігі тексерілді. Базар ішіне кіретін 5 есік болса, бәріне өрт сөндіру көлік кірді. Кейде уақытша сауда павильондары салынып, сол кедергі болады. Барлығы 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Базар жұмысын тоқтатуға сотқа арыз түсірдік. Бір айда базар әкімшілігі кемшіліктерді жойып, бәрін қалпына келтірді. Мәселен, өртенген Айсұлтан павильонында 3 кемшілік болды. Терезесі темірмен қоршалған, шығу жолдары жанғыш зарттармен бөгелген, шамдардың сыртынды қорған болмады," - деді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергенов.

Айта кетейік, базарға облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин барып, сатушылармен кездесті. Қазір жеке кәсіпкерлер сауда орындарына кіріп, шығынды есептеу үшін базар маңында жүр.

Бұған дейін хабарлағанмыздай, бүгін таңда Ақтөбенің орталық базары өртенді. Өртті сөндіруге 170 адам жұмылдырылды.




null


null

Жоғары қарай