Ауа райы
Нұр-Сұлтан 21 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

Ақтөбе мектебінде жарақаттанған оқушыға қатысты тексеру басталды

2019 жылдың 4 наурыз 2019 18:39 900

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мектепте оқушы ернін жырып алған. Оқыс оқиға Бестамақ орта мектебінде тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Бестамақ аулының оқушысы мектепте ернін жыртып алды. Дәрігерлер оқушының ернін тігіп берген. Қазір осы оқиғаға байланысты комиссия құрылды.

Өңірлік коммуникация қызметінің хабарлауынша, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен аталмыш дерек бойынша тексеріс жүргізу үшін 
білім және денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлерінен тұратын комиссия жұмыс істеуде. Тексеріс нәтижесі бойынша жауапты тұлғалардың іс-әрекеттеріне баға беріліп, тиісті шаралар қабылданады.

«Менің баламның аты Ибрахим. Ол 6 жаста. 28.02.2019 жылы Бестамақ орта мектебінде болды. Мен оны мектепке 13:30-да апардым, ал сағат 14:00-де алып кетуімді сұрады. Денесін кішкене жарақаттап алды деген соң үлкен ұлымды жібердім. Өзім жұмыста, әйелім баламен үйде болды. Қанға малынған баланы көрген кезде әйелім жедел жәрдемге хабарласып, мені шақырды. Үйге келіп, облыстық балалар ауруханасына жеткіздім. Кейін мектепке де бардым. Сынып жетекшісі мен шаруашылық жөніндегі меңгеруші қатты бекітілмеген соң шкаф құлағанын айтты. Мектептегі медбике балама алғашқы көмекті көрсетпеген», - деп жазды оқушының әкесі Қанат Тайланов әлеуметтік желіде.

Алға ауданы, Бестамақ орта мектебінің ұжымы баланың ата-анасынан кешірім сұрағанын, оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«Оқушы мектеп алды даярлық тобында оқиды. Тәрбиеші балаларды қабылдап, шешіндігіп жатқан еді. Сол кезде Ибрахим шкафтың есігімен ойнап тұрып, басын қатты соғып алған. Ал шкафтың құлауы мүмкін емес. Ернін тістеп алған, дәрігерлерге тіктірген екен. Беті ісіп кетеді деп ойлаған жоқпыз. Бірден үйіне жібердік», - деді директор Анар Истегулова.

 

Жоғары қарай