Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

Ақтөбеде банкрот болған қоқыс шығару компаниясы жұмысын қайта бастайды

2019 жылдың 19 қыркүйек 2019 17:40

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Өткен жылы банкрот болған «Таза қала» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны қайта жұмысқа кіріседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылдан бастап Ақтөбе қаласында қоқыс шығару жұмысы қиындай түсті. Екі компания банкрот болып, оның орнына 10 компания жұмысын бастады. Жұмысын тоқтатқан екі компанияның бірі «Таза қала» – мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны. Оның техникасының бәрі сатылып, жұмысшылары таратылды. Мәселе онда да шешілмей, он компания бірінен соң бірі жабылып, соңында екеуі қалды. Ал бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин коммуналдық кәсіпорынның қайта қатарға келетінін мәлімдеді.

«Бұл проблема бір күнде туындаған жоқ, жүйелі проблемаға айналып кетті. Коммуналдық шаруашылықты бәсекелестік ортаға бергеніміз дұрыс болды ма деген сұрақ туындады. Себебі бұған дейін жұмысты «Таза қала» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны атқарғаны белгілі. Енді алдымен жедел түрде қаланы қоқыстан тазарту тапсырылды. Бұл - бір реттік жұмыс. Негізі жүйелі жұмысты қайта жандандыру қажет. Ол үшін коммуналдық шаруашылықты қайта қалпына келтіріп, оның жұмысына қажетті техника алу тапсырылады», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Қазіргі кезде екі жаңа қоқыс шығару көлігі сатып алынуда.

«Алдағы уақытта коммуналдық шаруашылықтың жұмысы жандана түседі. 40 көлік сатып алынады», - деді «Ақтөбе» ӘКК» АҚ төрағасы Руслан Мамунов.

Айта кетейік, Жоғары сот қоқыс шығаратын «Таза қала» коммуналдық мекемесін банкрот деп тану шешімін жоққа шығарды. Сөйтіп мекеме қаланың коммуналдық меншігіне қайта берілді.


Жоғары қарай