Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 384.87
EUR 432.52
RUB 6.11
CNY 55.95

Ақтөбеде Бөкенбай батырдың мемориалдық кешені ашылды

2019 жылдың 15 маусым 2019 17:26 934

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Әбілқайыр ханның бас қолбасшысы болған Бөкенбай Қарабатырұлының ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбеде Бөкенбай батырға арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп, кейін ескерткіштің ашылуы болды. Табын Бөкенбай батырдың ұрпақтары бұл істі он жыл бұрын қолға алып, бүгін аяқтап отыр.

«Бөкенбайдың әкесі Қарабатыр да батыр болған адам. Ұрпақтары Тіленші батыр, Жоламан батыр, Есенаман батыр, Олжабай батыр деп айтар болсақ, әулетінің бәрі тегін адам емес. Мемориалдық кешенді салу жұмысы он жыл бұрын басталды. Соңғы екі жылда нақты жұмыс атқарылды. Әділқайыр ханның бас қолбасшысы, атамыз Бөкенбай батырды ұлықтау үшін «Алаш парызы» қоғамы да үлес қосты», - деді батырдың ұрпағы, кәсіпкер Қуатбек Хайтуллаев.

Ескерткіштің ашылуына келген облыс әкімі Оңдасын Оразалин де өз пікірін білдірді.

«Құтты мекен Ақтөбе өңірінен шыққан Қобыланды батыр, Кіші жүздің ханы әрі қолбасшысы Әбілқайыр хан, Абат Байтақ, Есет батыр, Тілеу батыр, Есет Көтібарұлы, Асау Барақ, Сәңкібай сынды батырларды еске алсақ, олардың ізін жалғастырған Әлия Молдағұлова  мен Малкеждар Бөкенбаев, Сәрсенғали Ешпаев, Иманғали Білтабановтар сынды ерлерімізді, Ақтөбе жерінде жасақталған 312 атқыштар дивизиясын мақтанышпен айта аламыз. Бұл ұрпақтар сабақтастығы. Солардың бірі халқының тәуелсіздігі үшін атқа мініп, соңына қалың жұртын ерте білген Бөкенбай Қарабатырұлы. Батыр бабамыз өмір сүрген XVIII ғасырдың басы қазақ халқының тағдырына сын болған, елдікті таразыға салған ауыр кезеңдер болды. Сондай сын сағатта Бөкенбай бабамыз жер қайысқан қол жинап, жоңғарларды елімізден қорғады. Оның ерлігі туралы Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин өз шығармаларында барынша айшықты жеткізе білді. Ал қазіргі заманда Ирина Ерофеева ғылыми негіздерін келтіріп, деректерді дәлелдеді», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.


null

Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің әр өңірінен тарихшылар келіп, жазушы, кинодраматург Елубай Смағұл, депутат Хабибулла Жақыпов, батыр ұрпағы Мұратбай Сүйінғараев, мемлекет және қоғам қайраткері  Сапар Сағынтаев, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Мәлік Жекеевке ескерткішті ашты.


null

«Халықтың басына сын сағаты соғатын кез болады. Сондай кезең XVIII ғасырдың басы болды. 1710 жылы сол сын сағат соқты. Яғни, қазақ ұлты қала ма, қалмай ма деген шақ еді. Халықтың көпшілігі, батырлар, билер, хандар, сұлтандар сағы сынып, Қарақұмда жиналып, әрі қарай не болатынын талқылады. Тағдыршешті сауалға жиналған кезде ел ағалары «жоңғарларға берілейік, басқа жол қалмады» деп ойлады. Алаштың туы жығылып жатқан тұста Бөкенбай батыр шығып, халықтың еңсесін көтерді. Қазір «егер Бөкенбай шықпай қалса, бағынышты ел болған кезде не болар еді» деп ойлағанда төбе шашымыз тік тұрады. Қазақтың тағдыры жолайлықта тұрғанда батыр күрес жолына бастап, халықты алып шықты», - деді жазушы Елубай Смағұл.

Ескерткіштің ашылу салтанатына әнші Қыдырәлі мен Қарақат, Нұрболат Абдуллин келді.


null

Айта кетейік, табын Бөкенбай батыр жоңғардармен күресте Әбілқайыр ханмен бірге болып, қазақ жасақтарының үлкен бір тобына қолбасшылық етті. Тарихта Қарақұмдағы қазақ жасақтарын біріктіру ұсынысын айтып, ұлтты сақтап қалған бірегей батыр ретінде ұлықталады.


null 

 

 

Жоғары қарай