Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Ақтөбеде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жұмысы таныстырылды

2020 жылдың 12 қаңтар 2020 19:00

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Ақтөбедегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау министрлігі заң департаментінің директоры Талғат Тұрмағанбет, республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары Манат Ысқақов, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ ақпараттық жүйелерді дамыту департаментінің директоры Айдар Айтуев келді.




Олар №5 қалалық емхана, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті жанындағы отбасылық медицина клиникасы және стационарларды аралап, жұмыс барысымен танысты. Алға, Мұғалжар аудандарындағы аурухана ұжымының сақтандыру жүйесімен жұмысы тексерілді.




«Бүгінгі күні медициналық мекемелер толық электрондық жүйеге көшті, қызметтер оңтайландырылды, электрондық кезек іске қосылды, медициналық құрылғылар мен жабдықтар сандық режимде жұмыс істеп жатыр» - деп атап өтті республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы ақпараттандыру департаменті директорының орынбасары Манат Ысқақов.




«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Гүлмира Қожаниязованың айтуынша, Қордан Алға аудандық ауруханасына 2020 жылға 1 млрд 275 млн теңге бөлінді. Оның 915 млн теңгесі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген қызметіне, 360 млн теңге МӘМС-ке, ал Мұғалжар аудандық ауруханасына 1 млрд 150 млн теңге аударылды. Оның 1 млрд теңгесі тегін медициналық көмекке, 150 млн теңге МӘМС-ке жұмсалады.




«1 сәуірге дейін қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Сондықтан емханаларда қызмет бәріне тегін көрсетілуде»,- деді Гүлмира Қожаниязова.

Ақтөбеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері бойынша аймақтық штаб отырысы өтті. Жиын барысында өңірлік штаб жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы, тұрғындарды актуализациялау туралы баяндалды.

2019 жылдың 31 желтоқсанындағы дерекке сүйенсек, Ақтөбе облысында 370 824 тұтынушы үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 11 миллиард 323 миллион 774 мың теңгеге жарна мен төлем аударылды.




Айта кетейік, Ақтөбе облысында биыл жалпы 848 212 тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіретін қызметтерді тегін пайдалана алады.

«Осы жылы жеңілдігі бар 15 санатқа жататын тұрғындарға сақтандыру пакетіндегі қызметтер мемлекет есебінен көрсетіледі. Бұл өңіріміздің 477 388 тұрғынын қамтиды», - деп атап өтті Гүлмира Қожаниязова.




Жоғары қарай