Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Ақтөбеде мұнай-газ саласына тәуелділік төмендеген - әкім

2019 жылдың 31 қазан 2019 03:50

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті. Жиында өңірдің дамуы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттық фракция жетекшілері мен аудандық партия филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Онда облыстың даму қарқыны мен жұмысты күшейту шаралары талқыланды. Аймақ басшысы «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы және Ақтөбе облысын дамыту бағдарламасының орындалуын баяндады.

«2016 жылдан бастап өңірдің экономикасы 2-ден 2,7 трлн теңгеге дейін, яғни, 30%-ға өскен. Экономиканы әртараптандырудың оң үрдісі белгіленіп, облыста мұнай-газ саласына тәуелділік төмендеген. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 10,8%-дан 13,7%-ға дейін, ал еңбек өнімділігі 43%-ға артты. Өңірге 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Биыл қосымша 600 млрд теңгеге жуық инвестиция салынатын болады», - деді Оңдасын Оразалин.

Өңірде 25 экспортқа бағытталған кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл шикізат емес, өңдеу саласының көрсеткіші. Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бастап 72 мың жұмыс орны ашылса, оның 70 пайызы тұрақты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің де көлемі артып, 2015 жылмен салыстырғанда 120% артқан.

Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін осы жылы 3,6 млрд теңге бөлінді. Биыл облыс тұрғындарының 89,4% газбен қамтамасыз етіледі. Бұл республика бойынша жақсы көрсеткіш. Үкіметтің қолдауымен жақында газбен жабдықтауға қосымша 2,5 млрд теңге бөлінді. Жобалар Әйтеке би, Алға, Ырғыз, Қобда, Темір, Байғанин аудандарында іске асырылып жатыр.

Өңірде 40-тан астам мектеп салынды. Жыл соңына дейін 5 мектеп пайдалануға берілмек. Жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасын» таныстырды. Ол бюджетті қалыптастыру кезінде негізгі мақсат әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын одан әрі арттыру бастамаларын іске асыруға басымдық берілгенін атап өтті.

Жиын барысында депутаттар ауыз су, мектеп салу мәселесіне қатысты сауалдарына нақты жауап алды.

Жоғары қарай