Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Ақтөбеде теміржол вокзалындағы автотұрақ жеке меншікке заңсыз берілген болып шықты

2019 жылдың 5 қыркүйек 2019 22:33

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде теміржол вокзалы алдындағы автотұрақ сенімгерлік басқаруға беріліп, кіру құны 100 теңге болды. Прокуратура әкімдіктің бұл ісі заңсыз екенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы Алматы аудандық прокуратурасы «Теміржол возкалы маңындағы автотұраққа электронды талонды енгізу» жобасының орындалуын тексерді. Себебі 2018 жылдың қыркүйек айында автотұрақ мемлекеттік – жекешелік әріптестік аясында кәсіпкердің басқаруына берілген болатын. Келісімшарт бойынша екі мерзім бекітілген. Біріншісінде 3 ай ішінде жаңғырту жұмыстарын жүргізеді, екіншісінде 5 жыл жеке серіктестің басқаруында болады.

«Мемлекет тарапынан, жеке кәсіпкер де өз міндеттерін толық орындамаған. Мәселен, келісімшарт бойынша құны 14 миллион теңге болатын кіргізу, өткізу бекеті салынуы керек. Содан кейін ол коммуналдық меншікке беріледі. Бірақ жеке кәсіпкер осы талапты орындамады. Сонымен қатар мемлекеттік мекеме жер телімі құжаттарын дұрыс рәсімдемеген. Тексеру қорытындысынан соң мемлекеттік – жеке меншік серіктестік келісімшартын бұзу туралы ұйғарым берілді. Ал Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жауапты қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылды», - деді Ақтөбе қаласы Алматы аудандық прокурорының орынбасары Бақытжан Ешмағамбетов.

Автотұраққа кіру жеңіл көлік үшін 100 теңге, ал жүк көліктері үшін 150 теңге болып тұр. Прокуратура келісімшартты заңсыз деп тапқанымен вокзал маңындағы автотұрақ әлі ақылы қызмет көрсетіп жатыр. Ал қалалық әкімдік «Ақтөбе паркинг» мекемесі бүгін өз қызметін тоқтатады деп сендірді.

«Аумақ мемлекеттік мекемеге беріледі. Әзірге ол автотұрақтың тегін немесе ақылы болатыны белгісіз», - деді қала әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Қамбар Мұқашев.


Жоғары қарай