Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 376.84
EUR 407.97
RUB 5.91
CNY 53.80

Ақтөбеде жолдарды қардан тазартуға 800 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды

2020 жылдың 16 қаңтар 2020 05:14

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе жолдарын қардан тазартуға өткен жылмен салыстырғанда биыл екі есе көп қаржы бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Сапалы жол» жобасын қолға алды. Өңірде «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдерімен бірге мониторинг жүргізді.

«Мониторинг жұмысы барысында арнайы топ қаладағы О.Кошевой, Т.Рысқұлов, Жеңіс даңғылы, Гришина, Әбілқайыр хан даңғылы және Маресьева көшелерінің қардан тазалау жұмыстарының сапасын бақылады. Көшелерде жол жиегіндегі қар алынбаған. Қалада 8 мердігер мекеме бар, онда 160 адам жұмыс істеп жүр. Жұмысшы саны аз, мердігерлер үлгермей жатыр. Егер қар тазартылмаса, көктемде көшені су басады. Бұл жұмыстарға биыл бюджеттен 819 миллион теңге бөлінген екен», - деді «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жанболат Тортаев.

«Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мониторинг жұмыстарын жалғастырады.

«Қала мен аумақтағы 5 елді мекенді күтіп ұстау жұмысы жүріп жатыр. Бәрі күндіз-түні жұмыс істеп, қар жауған күні әкімдік қызметкерлері кезекшілікке тұрады. Бірінші кезекте автобус жүретін, әлеуметтік нысандар орналасқан көшелер тазартылады. Кейде тракторлар көлік жүретін жолды тазартып, адам жүретін жерге қар үйіп тастайды. Жеке тұрғын үйлер өздері полигонға тасуға міндетті. Бірақ ауласынан шығарып, үйіп қойса ешкім шара қолдана алмайды», - деді басшысының орынбасары Данияр Аймағамбетов.


Жоғары қарай