Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 386.71
EUR 429.17
RUB 6.02
CNY 54.66

Ақтөбеде жұмысына салғырт қарады деп айыпталған басшылар сот залында ақталып шықты

2019 жылдың 12 тамыз 2019 20:40

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Гүлнұр Масина мен оның орынбасары Нұрлан Болатбаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Гүлнұр Масина мен оның орынбасары Нұрлан Болатбаевқа алғашында Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану» бабы бойынша айып тағылып, тергеу жүрді. Кейін прокурор «Салғырттық» бабымен қайта қарап, айыптау қорытындысын дайындады.

Іс материалына сүйенсек, «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ тарифті бекіту үшін 2017-2022 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама әзірлеген. Құжат тапсыру кезінде инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін банктен несие алынатыны көрсетілген. Сол кезде облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарифті бекітуге келісім береді. Бірақ прокурорлар тексеруінен кейін «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ банктен несие алмағаны, тарифті бекіту кезінде жүктелген міндеттер орындалмағаны анықталды. «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ тариф көтерген кезде жылу таратушы «Трансэнерго» АҚ-ның да қызметі қымбаттады.

Бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотында үкім оқылды. «Гүлнұр Масина, Нұрлан Болатбаев Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабы бойынша ақталсын», - деді судья Сейфолла Тасымбетов.

Судьяның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер өзіне жүктелген міндетті толық орындаған, тарифті бекіту кезінде банкпен жылу беруші мекемесі арасындағы келісімшартты көрсету, тіркеу міндетті құжатқа жатпайды.

«Моральдық шығын өндіру туралы ойланған жоқпын. Жұмысты әрі қарай жалғастыра беремін. Негізі қарапайым тұрғындар үшін тариф қымбаттаған жоқ. Қыркүйекте кезекті еңбек демалысы да келіп тұр. Үш дипломым бар, менің қателік жіберуім мүмкін емес еді. Өзім Болашақ бағдарламасының түлегімін», - деді Гүлнұр Масина.

Автор Алтынай Сағындықова
Басты сөздер: Сот, Заң,
Жоғары қарай