Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Ақтөбедегі «оқ өтпейтін» аялдамалар тағы да өзгеруі мүмкін

2019 жылдың 19 қыркүйек 2019 19:35

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе аялдамалары бір типті болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін қала әкімі Мавр Абдуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы аялдамаларды ауыстыру жұмысын бұрынғы әкім Ілияс Испанов бастаған болатын . Алғашында әр аялдаманың құны 1,5 миллион теңге деп бекітіліп, кейін жұмысты атқаратын мердігер әрқайсысын 1,1 миллион теңгеге орнатты.

Алайда ақтөбеліктер жазда ыстықтан қорғамайтын аялдамаларға шағым айтып, көлеңке болуы үшін шатырына қара қағаз жапсырылды. Қазір де қоғамдық көлік орындарына шағым бар.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен қала әкімі Мавр Абдуллин қала ішіндегі қоқыстың жиналуын, көпір құрылысы мен тұрғын үй құрылысын қарау кезінде бұл мәселенің де шешілетінін жеткізді.

«Аялдамалардың сызбасы дайындалып, біз халыққа таңдау жасауға мүмкіндік береміз. Яғни, дайын болған соң көрсетіп, ең дұрысын таңдаймыз, соны қалаға орнатамыз. Аялдамалар бір типті болады. Қала бойынша тағы 600 аялдамада арнайы күту орны жоқ. Бұл мәселе де шешімін табады», - деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

Айта кетейік, бұл жұмыстардың қай уақытта қолға алынатыны, қазіргі әйнек аялдамалар қайда жіберілетіні әлі белгісіз.


Жоғары қарай