Ауа райы
Нұр-Сұлтан 13 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Ақтөбелік оқушының өлімі: Іс қатаң бақылауға алынған

2019 жылдың 27 наурыз 2019 18:40 654

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында пышақ жарақатынан көз жұмған оқушы ісін тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Махамбет Абисатовтың халық алдында есеп беруі кезінде белгілі болды.

Кездесуде Шалқар ауданындағы оқушы өліміне, тергеуге қатысты сұрақ қойылды.

«Шалқар ауданында топтық төбелес болып, ініміз Мирасбек Дәулетияр көз жұмды. Сол іс дұрыс тергеліп жатқан жоқ деп есептейміз. Себебі, топтық төбелес болды, ал тергеуде бұл екі адам арасындағы жанжал болып шықты. Күдікті пен жәбірленуші ғана бар, өзгелері куәгер. Біз сол жерде болған адамдардың бәрін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын қалаймыз. Күдікті жазасынан құтылып кетеуі де мүмкін. Себебі, Қылмыстық кодекстің 99-бабымен іс қозғалғанымен, сот-психологиялық сараптама қорытындысы бойынша «физиологиялық аффект күйінде болды» деп шешім шығарды. Егер бұл анықталса, өзге бапқа ауыстырылуы ықтимал», - деді көз жұмған оқушының туысы Асқар Оразалин.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы тергеу жұмыстары әлі аяқталмағанын, күдікті қамауда отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, сот-психологиялық сараптама қайта тағайындалып, енді елордалық мамандарға жүгінгенін айтты.

«Мен бұл істі қатаң бақылауыма аламын», - деді Махамбет Абисатов.

Айта кетейік, сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша кесіп-тесетін зат қаза болған оқушы Мирасбек Дәулетиярдың жүрегіне тиген.

Еске салсақ, 2019 жылғы 26 қаңтарда мектеп оқушысы көз жұмды.  Сол күні 17 жастағы Шалқар ауданының тұрғыны ұсталды.

 

 

Жоғары қарай