Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Әлем чемпионаты: Полторанин скиатлон бәсекесінде 11-інші келді

2019 жылдың 23 ақпан 2019 23:03

АСТАНА. ҚазАқпарат - Австрияның Зеефельд қаласында өтіп жатқан шаңғы спортынан Әлем чемпионатында ерлер арасындағы скиатлон бәсекесі аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық Алексей Полторанин 11-ші орынға тұрақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Скиатлонда жарысты 16-шы нөмірмен бастаған ол бес шақырымнан соң алғашқы тоғыздық қатарында болды. 2,5 шақырымнан кейін қазақстандық спортшы көш басындағы француз Жан-Марк Гайярдан 2,9 секундқа ұтылып, 18-ші орында тұрды.

15 шақырымнан соң жетінші орында келе жатқан Полторанин классикалық әдіспен жарысудан мықтылар қатарында екенін тағы бір дәлелдеді. Алайда, коньки әдісімен жүгіруде ол қарқынын бәсеңдетіп, нәтижесінде 11-ші сатыға тұрақтады.

Бұл сында норвегиялық Шур Рете жеңіске жетті. Екінші орынды ресейлік Александр Болшунов, үшінші орынды норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю жеңіп алды.

Ұлттық шаңғы жарысы федерациясының ақпаратына сәйкес, скиатлон бәсекесінде Қазақстан намысын барлығы 7 спортшы қорғады, олардың үшеуі - әйелдер, төртеуі - ерлер. Атап айтқанда, Полтораниннен бөлек, Анна Шевченко, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Евгений Величко, Виталий Пухкало және Олжас Климин сынға түсті.

«Скиатлонның ерекшелігі, жарыс дистанциясы 2 бөліктен тұрады. Біріншісін спортшылар - классикалық, екіншісін коньки стилімен жүріп өтуі тиіс. Әйелдер құрамы өкінішке қарай, айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізе алмады. Ең жақсы нәтиже 37-інші болып келген Валерия Төленевада. Ирина Быкова 46-ыншы келді. Старттық хаттамаға барлығы 60 атлет тіркелген еді. Жүлделі орындар норвегиялық Тереза Йохауг пен Ингвильд Остбергке және ресейлік Наталья Непряеваға бұйырды», - делінген федерация ақпаратында.

Ерлер арасында Величко - 42-ші, Пухкало - 48, Климин 55-орында.

Ертең, 24 ақпан күні қазақстандық спортшылар командалық спринтте өнер көрсетеді.

Автор Мира Төлендіқызы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай