Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 384.06
EUR 429.19
RUB 6.08
CNY 55.83

Әлемнің 12 беделді университетінен шақырту алған қазақ қызының арманы не

2019 жылдың 11 шілде 2019 19:22 4429

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін биыл бітірген Әсел Рабатова әлемнің ең беделді 12 университетінің білім грантын ұтып алды. Оның ішінде «Назарбаев» Университетінің білім гранты да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әсел 8-сыныптан-ақ мектеп өміріндегі барлық шараларға белсене араласты.  Достарымен бірге мектебінің логотипін өзі әзірлеген түрлі дизайндағы  киім үлгілеріне  пайдаланып сату арқылы бизнестің қыр-сырына да үйренді. Қалалық мектептер арасындағы түрлі сайыстардан да бей-жай қалған емес. Тіпті, ағылшын тілін жетік меңгергендігінің арқасында 2017 жылы елордамызда өткен «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесінде, бас қаламызда ұйымдастырылатын  түрлі  халықаралық жиындар мен форумдарға ерікті ретінде қатысып ысылды. Ағылшын тілін білу деңгейін жетілдіре түсті. Нәтижесі де жаман емес, қазірдің өзінде Америка, Канада, Нидерланды елдерінің беделді жоғары оқу орындары білім гранттарын ұсынып отыр.

«Жалпы, «Назарбаев» Университетін қоса алғанда  12 жоғары оқу орны толық және жартылай білім гранттарын  ұсынды. Әлемнің басқа да беделді оқу орындарының жауаптарын күтіп отырмын. Бірақ,  таңдауымды жасап қойдым десем де болады. Таңдауым  Американың Сан-Франциско қаласындағы әлемдегі ең жас университеттердің бірі - Minerva Schools at KGI», - деді Әсел ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Жас талапкердің мұхиттың ар жағындағы алып елдегі  бұл университетке таңдауының түсуінің бірнеше себебі де бар.

«Біріншіден, бұл университет жас болғанына қарамастан Америкада өте танымал әрі білім берудің жаңа жүйесін енгізу арқылы зор беделге ие болып тұр. Екіншіден, бұл оқу орны маған 100 пайыз білім грантынан бөлек Америкада және өзге елдерде жүріп-тұруыма, жатын орныма жұмсалатын қаражатты да қарастырған. Бұл университеттің талапкерлерді өзіне тартымды жасайтын тағы бір тұсы бар. Атап айтар болсам, 4 жылдың ішінде 7 мемлекетте білім алу мүмкіндігін аламыз.  Бірінші курсты Сан-Францискода оқысам, екінші курстан бастап әр жартыжылда Сеул, Гидробад, Буэнос-Айрес, Берлин, Лондон және Тайпейде оқимын.  Дипломды Сан- Францискода қорғауға мүмкіндік жасалған», - деді Әсел Рабатова.


null


null  

Болашағын бизнес пен экономика саласымен байланыстыратын Әселдің арманы да биік. Шетелден мол білім мен үлкен тәжірибе жинап келіп, елінің игілігіне жұмыс істеуді армандайды.

«Шетелде білім алып елге оралғаннан кейін әлеуметтік бизнесті дамытқым келеді. Бұған қоса өзім сияқты қазақ балаларына әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға  көмек көрсететін қор ашу арманым бар», - деді ол.



null 

 

Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Білім, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай