Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Әлеуметтік төлемдердің мөлшері қалай артады

2019 жылдың 27 наурыз 2019 18:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде республикалық бюджеттен бірқатар әлеуметтік төлемдер беріліп тұрады. Оған қоса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар да бар. Әрине, оны алу үшін алдымен жұмыс істеу керек. Себебі бүгінде заң бойынша жалақыдан мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарналар аударылып тұрады. Соның көлеміне қарай әлеуметтік төлемдердің мөлшері де анықталады. Келесі жылдан бастап қордың төлемдері 30-35 процентке өседі. ҚазАқпарат тілшісі осы саладағы өзгерістерді сараптап шыққан болатын.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеп, алғашқы таныстырылымын да өткізіп үлгерді. Оған сәйкес, ең алдымен адамның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне, яғни жарнаны аудару мерзіміне қарай әлеуметтік төлемдерді беру көзделген. Ол үшін бес жылдан артық жарна аударып келген азаматттар үшін коэффициенттің деңгейін қайта қарау ұсынылып отыр. Қазіргі кезде бес жыл және одан көп еңбек өтілі бар азаматтар үшін аталған коэффиценттің ең жоғарғы мөлшері 1,0-ді құрайды. Алдағы уақытта әрбір толық бір жыл үшін коэффициентті 2 процентке арттыру жоспарланған. Соның арқасында еңбек ету қабілетінен айырылған, асыраушысынан айырылған, жұмысынан айырылған және бала күтіміне қатысты қордан берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады. Бұдан бөлек, еңбек ету қабілетінен айырылудың деңгейіне қарай ақы төлеу ұсынылып отыр. Әйтпесе, бүгінде жалпыға ортақ коэффициент қолданылады. Адам толығымен жұмысқа жарамсыз болса да, коэффициент 0,7-ні құрайды. Ал аталған көрсеткіш медициналық-әлеуметтік сараптама негізінде еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейіне қарай берілсе, төлемақыны мардымды алуға мүмкіндік бар.

«Мәселен, адамның орташа айлық табысы 100 мың теңгені құрайды. Жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейі - 65 процент, ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына қатысу өтілі 85 айды құрап отыр. Жаңа параметрлермен есептегенде қордан берілетін әлеуметтік төлем мөлшері 31 080 теңгені құрайды. Қазір оның көлемі - 22 988 теңге. Демек, жаңа төлем қазіргі ақыдан 32,5 процентке артық болады», - дейді вице-министр Светлана Жақыпова.

Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі екенін ескере отырып, аталған төлемге мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақыны да қосу қажет. Бүгінде II топтағы мүгедекке 45 438 теңге төленеді. Оған әлеуметтік қордан төленетін 31 080 теңгені қоссақ, бір айлық төлемнің жалпы сомасы 76 518 теңгені құрайтын болады.

Сол сияқты асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында асырауда қалған адамның санына қарай коэффициентті өзгерту арқылы әлеуметтік төлемнің мөлшерін арттыру ұсынылып отыр. Жоспарға сәйкес, асырауда бір адам болса, коэффицент 40 проценттен 50-ге, екі адамға - 50-ден 65 процентке, үш адамға - 60 проценттен 80-ге, ал төрт және одан көп адам үшін коэффицент 80-нен 100 процентке дейін артады. Осылайша, адамның жүйеге қатысу өтілі мен асырауында қалған адам санының коэффициентін қайта қарағаннан кейін әлеуметтік төлем мөлшері 30 процентке ұлғаяды. Мәселен, асыраушысынан айырылған адамның жүйеге қатысу өтілі 85 айды, орташа айлық табысы 100 мың теңгені құрап, асырауында бір адам болса, қордан берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері 23 907 теңгені құрайтын болады. Қазіргі төлем 18 390 теңгені құрайды. Ал мемлекеттік жәрдемақыны қоса есептегенде төлемнің жалпы сомасы 43 910 теңгеден 49 448 теңгеге дейін артады.

Бұдан бөлек, жұмыссыз қалған азаматтардың әлеуметтік төлемдерін ұлғайту жоспарланып отыр. Бүгінде аталған төлемдерді алты айға дейін ұзарту туралы ұсыныс та бар. Бірақ онда да адамның жүйеге қатысу өтілі ескеріледі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың сөзіне қарағанда, жаңа параметрлермен жұмыссыз қалған адамның жүйеге қатысу өтілі 85 айды, ал орташа айлық табысы 100 мың теңгені құраса, қордан берілетін әлеуметтік төлем 30 000-нан 41 600 теңгеге дейін артатын болады. Бұл қазіргі көрсеткіштен 38 процентке артық.

Сосын бала күтіміне қатысты біршама өзгерістер болады. Мәселен, баланың анасы уақытынан бұрын жұмысқа шығып кетсе, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер тоқтатылмайды. Бірақ оның деңгейі мемлекеттік жәрдемақыға дейін төмендетіледі. «Бұл ретте, ананың бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде ол үшін мемлекет бұрынғыдай оның декреттік демалысқа шыққанға дейінгі аударылған деңгейде әлеуметтік төлемдерден есептелген жарналардың жиынтығымен қоса Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлейді», -дейді С.Жақыпова.

Жалпы, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активтерінің жалпы сомасы 1,4 трлн теңгені құрады. Өткен жылы бес әлеуметтік қатер бойынша қордан төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 190 млрд теңге болды.

Министрліктің жоспарына сәйкес, бүгінгі өзгерістер азаматтардың формалды жұмыспен қамтылуына қызығушылығын арттырады, жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтеді және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға ынталандыратын болады.

Жоғары қарай