Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

«Әлиев» қылмыстық тобының мүшелері сотталды

2019 жылдың 23 мамыр 2019 10:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топ мүшелері сотталды. Оларға адам ұрлау, тонаумен айналысты, қару мен жарылғыш заттар сақтады деген айыптар тағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«15 мамырда Алматы Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты «Әлиев» ҰҚТ жетекшісі Қадыр Әлиевке және қылмыстық топқа қатысушылар Аңсар Дартаевқа, Дмитрий Терешин мен Ерсен Жұмабаевқа үкім шығарды», делінген хабарламада.

Сотталғандардың төртеуі де ҚР ҚК 125-бабының 2-б. 1, 8-тармақтарымен, 191-бабының 4-б. 2-тармағымен, 287-бабының 3-б және 390-бабының 2-б тармағымен (адам ұрлау, тонау, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру, билік өкілінің немесе жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын лауазымды адамның атағын өздігінен иемдену) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

ҰҚТ жетекшісі мен оған қатысушылар Қ. Әлиев, А. Дартаев, Д. Терешин мен Е. Жұмабаев 7 жыл және 1 айға бас бостандығынан айырумен қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтеуге сотталды.

Еске сала кетсек, 2018 жылы 10 қазанда Алматыда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Алматы облысының тұрғыны Қ. Әлиевтің жетекшілігіндегі аса қауіпті қарулы ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетін анықтап, жолын кесті.

Қылмыстық топтың негізін бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері құраған, олар 2018 жылғы 13 қыркүйекте Жамбыл облысында Отар стансасында кәсіпкер Р. Агалюллинге қарулы шабуыл жасап, 107 мың доллар, 4 миллион рубль және 23 мың еуро иемденген.

Тінту іс-шаралары барысында ұсталғандардан 8 тапанша пен қару, 140 оқ-дәрі, радиостансалар, жалған көлік нөмірлері, бетперделер, кісендер мен басқа да қарақшылық жасауға арналған құралдар табылып, алынды.

Басты сөздер: Сот, Қылмыспен күрес, ҚР ҰҚК,
Жоғары қарай